Ақтөбеде телефон алаяқтары 1414-тен келген СМС кодын сұрап, "қорғаныс несиесін" рәсімдетіп, ер адамды 2 млн теңгеден астам қаржысынан айырды, деп хабарлайды Astana TV.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, белгісіз адамдар алдымен өзін "Энергосистема" компаниясының қызметкерлері ретінде таныстырып, жоспарлы есептегіш ауыстыру сылтауымен ер адамнан 1414 нөмірінен келген СМС кодты айтуын сұраған.
Сенгіш азамат кодты айтып берген. Біраз уақыттан кейін оған тағы да қоңырау шалып, бұл жолы өзін банк қызметкері ретінде таныстырған алаяқтар оның атына несие рәсімделіп жатқанын айтқан. Қаржылық қылмыстың алдын алу үшін "қорғаныс несиесін" рәсімдеп, қаражатты "қауіпсіз есепшотқа" аудару керек деп сендірген. Нұсқаулықты орындаған тұрғын онлайн несие рәсімдеп, қаражатты көрсетілген дерекке жіберген, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.
Тек біраз уақыт өткен соң ол алаяқтардың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінген. Залал сомасы 2 миллион теңгеден асты.
Полиция қазақстандықтарға мына ескертпелерді қатаң есте сақтауды ұсынады:
• 1414 немесе банк нөмірінен келген СМС кодтарын ешқашан бөгде адамдарға бермеңіз.
• Ешбір банк, мемлекеттік орган немесе коммуналдық қызмет өкілі телефон арқылы мұндай деректерді сұрамайды.
• Банктер мен құқық қорғау органдары "қауіпсіз есепшотқа" ақша аударуды немесе несие рәсімдеуді талап етпейді.
• Күмәнді қоңырау түссе, әңгімені дереу тоқтатып, ұйымның ресми сайтындағы нөмір арқылы байланысыңыз.
Полиция азаматтарды қырағы болуға, сондай-ақ мұндай алаяқтық схемалар туралы қарт туыстары мен жақындарына айтуға шақырады. Егер сіз немесе жақындарыңыз алаяқтардың құрбаны болса, дереу 102 нөміріне немесе жақын жердегі полиция бөліміне хабарласыңыз.