Қытай мен АҚШ - жаһандық экономиканың алыбы. Қазақстан екі алпауыт елмен де ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеріп келеді. Мемлекет басшысының соңғы сыртқы сапарлары - соның айқын дәлелі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың түрлі көшбасшылармен кездесуі стратегиялық келісімдер мен миллиардтаған инвестицияға жол ашты.
Мемлекет басшысының сапарлары - тек дипломатиялық емес, нақты экономикалық нәтижелерге де жол ашып отыр. Қытай мен АҚШ-қа ат басын бұруы Қазақстанның инвестициялық әлеуетін арттыруға тың серпін берді. Көрші елдегі келісімдердің арқасында экономикамызға 15 млрд доллар қаржы құйылды. Бұл 70-тен астам құжатпен бекітілген ауқымды серіктестіктің нақты көрінісі. Екіжақты қарым-қатынас тек экономикалық шеңбермен шектелмейді. Қазақстан мен Қытайдың өңірлік тұрақтылықты сақтау, халықаралық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы ортақ қадамдары да маңызды рөл атқарып отыр.
АЙБОЛАТ ДӘЛЕЛХАН, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫ:
Қоян-қолтық, ұзақ мерзімдегі достық қарым-қатынасты, стратегиялық қарым-қатынасты ұстап тұрсақ, бұл – біздің мемлекеттілігіміздің баянды болуының бірден-бір кепілі. Саяси тұрғыда ұтарымыз осы. Осыны есепке ала отыра, болашақтағы қарым-қатынастардың баянды дамитыны, қытайлар айтпақшы «Win-Win» принципі бойынша дамитынына сенім басымырақ.
Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары да жемісті болды. Халықаралық сарапшы Жәнібек Арынов осылай дейді. Қазақстан мен Американың ірі компаниялары арасында 15-ке жуық келісім мен меморандумға қол қойылды. Көлік-логистика, энергетика және ақпараттық технологиялар сияқты стратегиялық тұрғыдан маңызды салаларды қамтитын бұл құжаттар еліміздің экономикасына 5,2 миллиард доллар көлемінде инвестиция тартуға бағытталған.
ЖӘНІБЕК АРЫНОВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫ:
Менің тұрғымнан сапар барысында Қазақстанның мүддесіне, қоғамның мүддесіне сәйкес келетін 1 ғана келісімге қол қойылса, оның өзі жеміс деп санаймын. Әрине АҚШ-қа сапар барысында қол қойылған салаларда жұмыс жасайтын компаниялар үшін, адамдар үшін, экономиканың сол секторлары үшін пайдасы тиеді. Үлкенді болуы мүмкін, кішілі болуы мүмкін. Оны бөліп жарудың қажеті жоқ. Сол себепті сапар мен үшін сәтті болды.
Мемлекет басшысы БҰҰ мінберінде әлемді толғандырып отырған бірнеше маңызды мәселені көтерді. Жаһан тыныштығын қамтамасыз ету үшін ұйымға реформа жасауды ұсынды. Одан бөлек ірі компания басшыларымен де келіссөздер жүргізді. Барлық бастама – сайып келгенде, халықтың әл-ауқатын арттыруға, еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
ЖАНАТ МОМЫНҚҰЛОВ, САРАПШЫ:
Біздің ресурстарымызды батысқа шығару, батыстан қосымша дивидиенттер алу, инвестиция тарту, халықаралық алаңда беделімізді, тәуелсіздігімізді таныту, дербестігімізді нығайту үшін осындай сапарлар, осындай кездесулер болды. Өзіңіз байқасаңыз, бизнес өкілдерімен кездесті. Мұның барлығының мақсаты Қазақстанға инвестиция тарту, Қазақстан жайлы жағымды ақпаратты әлемге жаю.
Халықаралық деңгейдегі әр кездесу - ел мүддесі үшін жасалған нақты қадам. Екі үлкен державамен арадағы стратегиялық келісімдердің, инвестиция тартуға бағытталған ұтымды ұсыныстар мен батыл бастамалардың барлығы да Қазақстанның беделін биіктетіп, экономикалық әлеуетін арттырарына сенім мол. Бұл сапарлар еліміздің әлем алдындағы ашықтығын, серіктестікке дайындығын және дамуға деген нық ұстанымын айқындап берді.