Баласы сабақтан кешіккен ата-ана айыппұл арқалайды

Ата-аналарға жаппай айыппұл! Енді оқушы мектепке кешіксе, себепсіз сабақтан қалса әке-шешесі жазаланады. Форма кимеген жағдайда да жеке жауап береді. Тіпті, теңгесін беріп құтылу қиын. 5 тәулікке дейін темір торға қамалуы мүмкін. Оның үстіне мұның барлығы ескертусіз жасалады дейді тұрғындар. Мәселенің мәнін әріптесім Аружан Задабек түсінуге тырысты. Сіздерге де түсіндірсін. Эфирде «Өзекті» айдары.

Қайырлы кеш, көрермен! «Өзекті» тақырыптарды тарқату бізден. Талқылау сізден.

Оқу жылы басталғалы ватсаптағы «ата-аналар» чаты бір тыным таппады. Басында кітап үшін керісті, артынша бағдарлама түсініксіз деп тынымсызданды. Ендігі кезек айыппұлға тірелді.

Тақырыпты түсіну үшін алдымен экранға назар аударыңыз. Баласы оқу ордасының табалдырығын аттаған кез келген тұрғын мына хабарламаны алған болар. Мұнда  егер оқушы форма кимесе, сабақтан себепсіз қалса, тіпті, кешіксе заң алдында жауап береді делінген. Мұны естіп ашуға булыққан, дөрекі сөйлеген әке-шешеге қатысты да норма бар. Олар да айыппұл арқалайды. Қызығы, ескерту деген жоқ. Бірден шара қабылданады.

Заң бұзылды ма 10 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге дайын болыңыз. Қайталанса 15 АЕК немесе 5 тәулік қамау.

БЛИЦ:

- Мектеп формасын тегін беріп жатса солай істеуге болар еді.

- Өте дұрыс! Ата-ана баласының қайда жүргенін білу керек. Ауырса справка әкеледі ауырғаны туралы.

- Былай қарасақ ол да дұрыс. Әке-шеше жұмыс деп балаға қарауды қойды. Мектепте төбелес, боқауыз көбейді. Мұғалім, үлкенді сыйлауды қойды. Бірақ алдымен ескертуден бастаса.

Тағы бір жаңалық. Буллинг, яғни қорлау, қудалау, мазақ ету — енді жай мектептегі тәртіп бұзушылық емес, заң бұзушылық. Интернетте балаңыз біреуді кемсітіп жатса 10 АЕК мөлшерінде ақша төлейсіз.Қайталанса 30 АЕК. "Қарғыс адамды, буллинг баланы жаралайды" десек, бұл өзгешеліктен ешкім ұтылмайды, керісінше ұтады. Егер бала 16-ға толмаса жауапкершілік сізге жүктеледі. 

БЛИЦ:

- Басқасының бәрі біткен ғой. Осы қалған.

- Өте дұрыс. Тәрбиені мектеп емес ата-анасы береді. Тәрбиелі адам ғана жақсы маман бола алады.

- Дұрыс. Тәртіп керек. Қанша бала қыршын кетті. Мектепте қатаң тәртіп керек.

Мектеп демекші, енді СЭС қызметкерлері ескертусіз сес көрсете алады. Бұрыңғыдай білім беру мекемелеріне алдымен хабарлап, «бара жатырмыз, міне, жетіп қалдық» деп есеп бермейді. Теуіп кірсе де өз еріктері. Яғни, мамандар оқу ошақтарының асханалары мен спорт залынан бастап, сынып бөлмелері мен дәретханаларына дейін толық тексеруге құқылы.

Талапқа сай келмеген жағдайда айыппұл салынып, қажет болғанда мекемені уақытша жабуға дейін шара қолданылады. Мұндай өзгеріске соңғы кезде жиілеген келеңсіз оқиғалар себеп.

БЛИЦ:

- СЭС жиі тексеруі керек мектеп асханаларын. Өскемен қаласының бір мектебіндегі тамағын мүлде балаларым жемейді.

- 100 процент қолдаймын. Барлық жерде тексеру керек. Біздің мектептің тамағын жеу мүмкін емес. Күйік сасыған тамақты бере салады.

Құрметті көрермен, бүгінге осы. Келесі кездескенше.