Торғай атырабында алтыншы «Ұлы дала жорығы» аяқталды. Алты күн жортқан шабандоздар Арқалық маңында мәреден көрінді. Үздік үштікте Ақтөбе мен Қостанай арғымақтары бар. Дүлдүлдер додасы жайлы толығырақ тілшіміз тізгіндейді.
Осымен алтынш рет ұйымдастырылған «Ұлы дала жорығы» Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында өтті. Бірегей жобаға «Amanat» партиясы мен Қостанай облысы әкімдігі қолдау көрсетіп отыр. Жеңімпаздарды марапаттау салтанатына«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек қатысты. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырғанын және Ұлы дала жорығын қолдағанын атап өтті.Ал жергілікті билік Қостанай жылқы тұқымына айрықша көңіл бөліп, қазанаттың санын көбейтуге күш салып жатқанын айтты.
БАҚЫТЖАН НАРЫМБЕТОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл тағы да бір рет осы біздің жылқы тұқымының бәсекеге қабілеттілігін,шыдамдылығын осындай алыс жолдарда бәсекелестігінің жоғары екенін көрсетті. Енді Қостанай жылқысының дамуы бойынша мемлекет тарапынан да негізгі қадамдар жасалуда.Одан бөлек жеке компаниялар да осы бағытты қолға алып жатыр.
Әуелгі кезеңде қарсыластың аяқ алысын аңдып, асықпай жортқан командалар, соңғы 50 шақырымды жүйткіп өтті десе де болады.Бірінші күні 90 ат жолға шыққан еді.Көмбеден соның он бесі ғана көрінді.Бұл жорықта Қырғызстан атбегілерінің мерейі үстем болды. Айыр қалпақты ағайынның арғымақтары мәреден бірінші боп өтті.Ақтөбе облысының командасы екінші, қостанайлық шабандоздар қола жүлде иеленді.
АТАЙ РАХАТОВ, "ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ" МАРАФОН-БӘЙГЕ ЖЕҢІМПАЗЫ:
Жазда келгенде екінші боп қалғанбыз.Сосын ниет қып келдік ұтамыз деп.Жақсы даярланып.Ұттық бұйырса.Жылдамдық орта болды.18-19-20 сондай жылдамдықпен жүріп отырдық.Жол жақсы болғандықтан жақсы жүрдік.
Жоба авторы һәм Жорық федерациясы басшысы - Бақытжан Тұрлыбеков Торғай даласында өткен халықаралық марафонның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.Әр жорық сайын жаңа ұсыныс, тың технология енгізіліп келеді. Ат спортына деген қызығушылықты артты.Дүбірлі дода қазақ даласындағы жылқы тұқымдарын жаңғырту ісін де ілгерлетіп отыр.
БАҚЫТЖАН ТҰРЛЫБЕКОВ, «JORYQ» АТ СПОРТЫ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Жұмыс жүргеннен кейін жұрттар назар аударып, ұсыныс айтып жатыр.Мәселен әр атқа,әр командаға JPS қойдырып, оны онлайн бақылап отыратын.Барлық халық онлайн кіріп бақылап отырады. Сөйтіп осылай келетін болсақ біз ертең аттың жағдайын да біз онлайн көріп отарытатын боламыз.Ол аттардың жүрек соғысын былай айтқанда жасанды интелекті деңгейіне жеткіземіз деп отырмыз.Оған толық мүмкіндік бар.
Жорық жолына шыққан 18 команданың бесеуі 500 шақырымды жүріп өтті. Жеңімпаздарды Арқалық жұрты ақ пейілімен қарсы алып, атбегілер мен шабандоздарды шаттыққа бөледі.Салтанатты марапттау сәті концерттік бағдарламаға ұласып,түз түнеп, жусан жастанған жорықшылар көңілін серпілтті.