Қазақстанның түкпір-түкпірінде өткен "Таза бейсенбі" акциясына тұрғындар белсенді атсалысты

Қазақстанның түкпір-түкпірінде "Таза Қазақстан" акциясы үздіксіз жүруде. Бүгін Қарағанды, Шымкент, Алматы өңірлерінде «AMANAT» партиясының белсенділері, мәслихат депутаттары мен ерікті жастар  аулалар мен қоғамдық орындарды тазартты.  Ұйымдастырушылар тазалық шаралары экологиялық мәдениеттің қалыптасуына зор ықпалын тигізіп жатқанын айтады.

Теміртауда «AMANAT» партиясының   «Таза бейсенбі» акциясына еріктілер мен студенттер қатысты.  Олар аулаларды, жаяу жүргінші жолдарын жапырақтан тазартты. Қатысушылардың айтуынша, акцияға зейнеткерлер мен жастар жақсы атсалысуда.

САЛТАНАТ АҚБЕРГЕНОВА, ТЕМІРТАУ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Идеясы әр азамат туған жерін жанашырлықпен қарау, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін нығайту. Жан- жағын тазартып, сондай бір экологиялық тәрбие бағыттарына жұмыстар жүргіземіз.

Ал Шымкенттегі  тазалық шарасы Тұран ауданына қарасты №8 мөлтек ауданында өтті. Оған 50-ден астам адам қатысып,  көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын қоқыстан тазартты. Бей-берекет өскен шөпті орды, қураған ағаш бұтақтарын жинады.

ЕРБОЛ БАЙҚОНЫСОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл жерде бірінші кезекте біз тек қана тазалаумен ғана емес, халықты тазалыққа шақырумен айналысуымыз керек. Сондықтан әрқайсысы «Таза Қазақстан» дегеннің өзі біз рухани таза болуымыз керек. Әрқайсысы өз тазалығына жауап беруі керек. Және әркім шашып кеткеннен кейін тазалау мақсат емес, әрбір азамат өз жүрген жерін тазалап жүруі керек. Біз шақыртуға осы басты бағытқа соны қойып отырмыз.

Алматы облысы Іле ауданында да Тазалық акциясы жүйелі түрде өткізіліп келеді. Жыл басынан бері “AMANAT” партиясының ұйымдастыруымен ауданда 22 мыңнан астам тұрғын сенбілікке қатысып, 1400 тонна тұрмыстық қалдық жинаған. Елдімекендерді көркейту мақсатында 5543 түп ағаш егіліп, 38 саябақ, 83 мәдени ескерткіш алаңы тазартылған.

АЛМАСБЕК САТИБАЕВ, “AMANAT” ПАРТИЯСЫ ІЛЕ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жоспарлы түрде шарамызды бастадық. Тазалық жұмыстарын. Бұл шараға колледждің студенттері ауылдың тұрғындары ақсақалдарымыз содан кейін әскери бөлімнен азаматтарымыз келіп қатысып отыр. Ауданымызда аптасына екі рет таза бейсенбі және де таза сенбілік өтеді. Осы таза Қазақстан акциясы аясында.

«AMANAT» партиясы алдағы уақытта да бұл бастаманы жалғастырып, тұрғындарды туған жерді қорғауға белсенді түрде тартуды көздеп отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы миллиондаған азаматты біріктіріп, экологиялық мәдениетті арттыруға үлес қосып отыр.