Астана жарты жылда 750 мыңнан аса турист келген

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға көп, деп хабарлайды Astana TV.

Оның ішінде 180 мың – шетелдік қонақтар, олардың басым бөлігі Ресей, Қытай, Түркия, АҚШ және Германия елдерінен келген.

«Астана мәдениет, спорт, медицина және инновациялар тоғысатын алаңға айналып келеді. Туристер тарапынан да, халықаралық серіктестер тарапынан да қызығушылықтың артқанын байқап отырмыз», – деді «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы басқармасының төрағасы Артем Квашук.

Бүгінде Астанада 100-ден астам туристік нысан бар, оның ішінде мұражайлар, театрлар, галереялар, діни және спорттық ғимараттар бар. Қонақтардың ыңғайлылығы үшін заманауи навигациялық жүйе енгізіліп, инфокиоск пен экскурсиялық қызметтер жұмыс істейді, цифрлық шешімдер іске қосылған.

Халықаралық әуежайда қонақтарға арналған бірегей Taxi Point қызметі іске қосылды – Қазақстанда алғаш рет мобильді қосымшасыз, тәулік бойы жұмыс істейтін такси тапсырыс терминалдары. Бұл жүйе жеті тілде қолжетімді болып, қалаға жылдам әрі қауіпсіз жетуді қамтамасыз етеді.

Экскурсиялық бағыт та белсенді дамып келеді. 100-ден астам бағытты қамтитын реестр қалыптастырылған, оның ішінде тақырыптық, шолу және жеке турлар бар. Маман даярлауға ерекше көңіл бөлінуде: биылдың өзінде 50 кәсіби гид Қазақстанның Бас мешіті базасында оқу оқып, экскурсия жүргізуге аккредитация алды. Бұған қоса, Қытайдан келетін туристерге қызмет көрсету үшін қытай тілін меңгерген 20 экскурсовод дайындалды.

Туризмді дамыту стратегиясын жүзеге асыру мақсатында туристік инфрақұрылым, қонақ үй бизнесі, MICE сегменті және гастрономия мен ірі іс-шара индустриясының танымал мамандары кіретін Сараптамалық кеңес құрылды. Кеңес инновациялық туристік бағдарламалар әзірлеумен және саланың ең жоғары стандарттарына сай стратегия жасаумен айналысады.

Елордада іскерлік, іс-шара және медициналық туризм бағыттары дамып келеді. 2024 жылы 128 ірі халықаралық шара өткізілсе, 2025 жылға 200-ден астамы жоспарланған. Олардың қатарында 89-шы IFLA Дүниежүзілік кітапхана және ақпарат конгресі, Astana International Forum, сондай-ақ нейрохирургия қауымдастығының 10-шы халықаралық конгресі бар. IFLA конгресіне 114 елден 1600-ден астам делегат қатысты.

Астананың мәдени орталық ретіндегі мәртебесін жақында өткен Jennifer Lopez концерті де айқындады – шараға 30 мыңнан астам көрермен жиналды, олардың 10 мыңы шетелдік туристер болды. Mastercard деректері бойынша, Астанада туристің тәуліктік орташа шығыны 118 мың теңгеге жетеді, бұл саланың жоғары экономикалық тиімділігін көрсетеді.

21 қыркүйекте өткен Backstreet Boys концерті де жылдың ең көп көрермен жинаған шараларының біріне айналды. Оған 45 елден 12 мыңнан астам турист келді. Олардың қатарында Германия, Польша, Франция, Түркия, Финляндия, Литва, Эстония, Чехия, Сербия, Грекия, Әзербайжан, Ресей, Өзбекстан және басқа да мемлекеттер бар.

Биылдан бастап Астанада өнеркәсіптік туризм белсенді дамып келеді. Қазіргі таңда туроператорлар «Ютария» тігін фабрикасына, «MFA International» респиратор зауытына, «MODEX» темірбетон құрылымдары зауытына, «Аромат» кәсіпорнына, «СтальЦинк» зауытына және Астана электротехникалық зауытына (АЭТЗ) экскурсиялар өткізуде. Туристер Елорданың өнеркәсіп секторының тарихымен, заманауи дамуымен және инновациялық әлеуетімен танысады.

Сонымен қатар, білім беру туризмі де қарқынды дамуда. Жыл соңына дейін 12 500-ден астам мектеп оқушысы мен колледж студенті кәсіби бағдар беру экскурсияларына қатысып, білімін кеңейтіп, болашақ мамандығын таңдауға мүмкіндік алады.

Астанадағы жаңа әрі болашағы зор бағыттардың бірі – гольф-туризм. Қала алғаш рет халықаралық гольф алаңы ретінде туристік өнімін ұсына бастады.