Қазақстанда алғаш рет биологиялық белсенді қоспаларды таңбалау пилоттық режимде іске қосылды

Қазақстанда биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) пилоттық режимде таңбалау бойынша тесттер өтті. Шымкенттегі екі өндірушінің базасында қоспаларды таңбалау және қадағалау бойынша эксперименттер сәтті жүргізілді,-деп хабарлайды Astana TV.

Эксперимент барысында қатысушыларға таңбалау мен қадағалаудың барлық негізгі процестері, тауарларды тіркеуден бастап бақылау-кассалық машиналар арқылы өнімді айналымнан шығаруға дейін көрсетілді.

 Отандық өндірушілердің бірінің атқарушы директоры Мақсат Жұматаевтың айтуынша, биологиялық белсенді қоспаларға міндетті таңбалауды енгізу саланың бірқатар мәселелерін шешуге көмектеседі. Мысалы, биологиялық белсенді қоспа өндірушілері жиі кездесетін мәселелердің бірі заңсыз экспорт: Қазақстанға арналған тауарлар көрші елдердің сөрелерінде сатылып жатады.

Бұл маңызды шара, себебі биологиялық белсенді қоспалар денсаулыққа тікелей байланысты, олардың әсері көбіне дәрі-дәрмекке ұқсайды. Оларда фармакологиялық әсер бар, сондықтан адамдар оларды сатып алып, қолданады. Ал таңбалау арқылы өнімнің не екенін, оны кім және қашан шығарғанын бірден білуге болады. Пилоттық жоба аясында бізге тауарды қалай таңбалау керегін көрнекі түрде көрсеткендеріне алғыс айтамыз. Болашақта енгізу уақыты келгенде бізге әлдеқайда жеңіл болатынына сенемін», – деп бөлісті Мақсат Жұматаев.

Екінші өндірістік алаңда да таңбалаудың толық тізбегі сәтті сынақтан өтті. 500-ден астам өнім қаптамасы автоматтандырылған таңбалау жүйесі арқылы бірегей Data Matrix кодтарын алды.

Эксперименттердің қорытындысы бойынша биологиялық белсенді қоспаларды таңбалау жүйесін сәтті енгізу үшін бірқатар ұсыныстар әзірленді. Олардың қатарында: Қазақстанда тауарды өткізуге эксклюзивті құқығы жоқ заңды тұлғалар үшін таңбалау кодтарын тапсырысты блоктау мүмкіндігін енгізу, қадағалау құжаттарын тауар бағаларын көрсетпей беру мүмкіндігін зерттеу және міндетті таңбалау енгізілгенде әдеттегі штрих-кодтарды алып тастау орынды ма екенін қарастыру бар.

Таңбалау жүйесі биологиялық белсенді қоспалардың өндірушіден соңғы тұтынушыға дейін толық қадағалануын қамтамасыз етуге бағытталған, бұл Қазақстан нарығындағы өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын арттырады. Жүйе тұтынушыларға өнім туралы толық ақпаратты Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы алуға мүмкіндік береді, бұл жалған өнімдерді сатып алу қаупін айтарлықтай азайтады және өнімге деген сенімділікті арттырады.

Биологиялық белсенді қоспаларды таңбалау бойынша пилоттық жоба аясында өткізілген эксперименттерге ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері, сондай-ақ Бірыңғай таңбалау және қадағалау операторы мен интегратор-компаниялардың мамандары қатысты.