Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған «SMART ТжКБ» бірыңғай ақпараттық жүйесі әзірленуде -деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Аталған жүйе педагогтердің қашықтан біліктілігін арттыруға арналған LMS, Білім беру бағдарламаларының тіркелімі, ТжКБ картасы, Қазақстанның TOP-100 студенті, Колледждерді дәрежелеу секуілді цифрлық қызметтерді бір платформада біріктіреді. Ол сондай-ақ Ұлттық білім беру деректер қорымен интеграцияланып, статистикалық деректерді жинау мен талдауды автоматтандыруға мүмкіндік береді. Жаңа жүйені толық енгізу 2027 жылға жоспарланған.
«Цифрлық инфрақұрылымды дамытумен қатар, оқу процесіне жасанды интеллектке негізделген құралдар енгізіледі. Мәселен, «Білім беру бағдарламаларының реестрі» жүйесін жедел жаңартып отыру үшін жасанды интеллектуалды конструктор іске қосылады. Ол мемлекеттік стандарттар, кәсіби талаптар және еңбек нарығы сұранысына сәйкес білім бағдарламаларын автоматты түрде әзірлеуге мүмкіндік береді», – дейді Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Әсет Мұханбетов.
Сондай-ақ талапкерлерге ЖИ-ассистенті әзірленуде. Виртуалды көмекші мамандықтар жөнінде жекелендірілген ақпарат беріп, оқу орнын немесе кәсіби бағытты таңдауға көмектеседі, сұрақтарға нақты әрі интерактивті жауаптар ұсынады. Осылайша, болашақ студенттер мен олардың ата-аналары еліміздің колледждері туралы тәулік бойы қолжетімді, түсінікті әрі сенімді ақпарат алу мүмкіндігіне ие болады.