Астанада 20 мың интеллектуалды камера орнатылады

Соңғы жылдары Астанада тұрғындармен өзара іс-қимылдың бірқатар озық шешімдері енгізілді. Қалалық iKomek қызметі жылына 2 миллионнан астам өтініш қабылдап, өңдейді. Бұл — ел өңірлеріндегі барлық осындай қызметтердің жиынтығынан да көп. Сонымен қатар, QalaQyzmet сервисі тұрғындарға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында 
120 қызмет көрсетіп отыр (жыл сайын 200 мыңнан астам өтініш). «Сергек» жол қозғалысы және қоғамдық қауіпсіздік саласында интеллектуалды платформа құрылды, қоғамдық көліктегі басқару және төлем жүйесі автоматтандырылды, ал Смарт Астана мобильді қосымшасы қала тұрғындары мен қонақтарына 70-тен астам цифрлық сервисті бір орталыққа біріктіріп отыр. Осы жұмысты күшейту үшін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл елордада Біріккен Араб Әмірліктерінің Presight компаниясымен бірлескен стратегиялық Smart City жобасы жүзеге асырылып жатыр,-деді Ж. Қасымбек.

Оның айтуынша, жобаның негізгі элементі жасанды интеллектіге негізделген Қалалық ахуалдық орталық болады. Орталық бейнебақылау, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау, білім беру және өзге де 15-тен астам қалалық және республикалық жүйелерді интеграциялауды қамтамасыз етеді. 
Сонымен қатар, Presight компаниясы Астана әкімдігі үшін қуаты 100 серверлік бағанға дейінгі алғашқы қалалық деректерді өңдеу орталығын салып жатыр.

-Елордадағы бейнебақылау инфрақұрылымы ауқымды түрде жаңғыртылып жатыр. Бүгінде полицияның Жедел басқару орталығына 37 мыңнан астам камера қосылған, олардың көмегімен әрбір үшінші қылмыс ашылып жатыр. Жыл соңына дейін қосымша 20 мыңнан астам жаңа интеллектуалды бейнебақылау камералары орнатылады. Олар жасанды интеллектке негізделген 35-тен астам бейнеаналитика алгоритмдерімен жабдықталады, соның ішінде бет-әлпетті және мінез-құлықты тану, көлік қозғалысын талдау, төтенше жағдай қызметтерін автоматты түрде хабардар ету мүмкіндіктері бар. Жоба аясында БАӘ-ден 54 млрд теңге сомасында инсвестиция тартылады. Осы жылдың соңына дейін жоба іске қосылады, — деді қала әкімі.