"Салықтық тексерулерді жүргізу кезінде барлық кезең онлайн форматқа ауыстырылады", - Д. Нұрғожаев

Енді бұрынғыдай жылына екі рет бекітілетін жоспарлы салық тексерулері болмайды. Сондай-ақ, кәсіпкерлерді «жоғары», «орта», «төмен» тәуекел санаттарына бөлу жүйесі де алынып тасталады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті Салықтық аудит басқармасының басшысы Даурен Нұрғожаев айтты. Келер жылдан бастап тиісті органдар кәсіпкерлерді нақты деректер мен цифрлық талдау арқылы ғана тексеретін болады. Яғни,  шын мәнінде заңбұзушылық бар деген негіз болса ғана бақылау шарасы қолға алынады.

ДАУРЕН НҰРҒОЖАЕВ, ҚР ҚМ МКК САЛЫҚТЫҚ АУДИТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Салықтық тексерулерді жүргізу кезінде салық төлеушілермен өзара іс-қимылдың барлық кезеңдері онлайн форматқа ауыстырылады. Ерекшелік — тексеруге негіз болатын ұйғарым, ол қағаз түрінде тапсырылады. Қалған барлық рәсімдер — қажетті құжаттарды тапсырудан бастап, тексеру нәтижелерін алуға дейін — Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелері арқылы жүргізіледі. Бұл уақытты үнемдейді, шығындарды азайтады және адами факторды барынша төмендетеді.