Әлеуметтік желі арқылы жастарды алаяқтықпен табыс табуға шақырған

Қазақстанда мыңнан астам қаржылық алаяқтық бойынша сот шешімі шығарылып, 1 миллиард теңгеден астам ақша тәркіленген. Қаржылық мониторинг агенттігінің қалалық департаменті мектеп оқушыларына арнайы жиын өткізіп, соңғы кезде алаяқтық пен қаржылық пирамидалар көбейіп жатқанын хабарлады. Алаяқтар көбінесе әлеуметтік желі мен мессенджерлер арқылы жастарды оңай табыс табуға шақырады. Шараның мақсаты - балаларға қаржылық қылмыстардан қалай қорғану керегін үйрету. Қаржылық тәуекелдердің алдын алу, киберқатерлерден қорғау, сондай-ақ қазіргі қоғамдағы «заң мен тәртіп» қағидаттарын іске асырудың практикалық қырларына ерекше назар аударылды.

НҰРҒАЛИ АЯЗОВ, ҚР ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГІ АГЕНТТІГІНІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:

Жастар мен мектеп оқушыларына қаржылық сауаттылық пен интернет қауіпсіздігі туралы ақпарат беру өте маңызды. Олар болашақта осындай алаяқтыққа ұрынбай, өз қаржысын сақтай алуы керек. Сондықтан біз арнайы сабақтар мен семинарлар ұйымдастырып, балаларға құқықтық білім мен қаржылық қауіпсіздік туралы түсінік береміз.