Су тасқынынан үш адам қайтыс болды

АҚШ-тың Аризона штатында болған қатты су тасқыны салдарынан кемінде үш адам қаза тауып, бірнеше тұрғын із-түзсіз жоғалғандар қатарында, деп хабарлайды Astana TV.

Хила округінің төтенше жағдайлар басқармасының жетекшісі Карл Мелфордтың айтуынша, қаза болғандардың денесі халық саны 7,2 мыңға жуық шағын қала — Глоубтан табылған. Бұл елдімекен Финикстен шамамен 140 шақырым шығыста орналасқан.

Құтқару операциясы түні бойы жалғасып, сенбі күні қосымша күштер тартылған. Іздеу жұмыстары әлі де жүріп жатыр.

Тұрғындарға бұрынғы шахтерлер қаласының тарихи орталығына бармауға кеңес берілді. Себебі зақымданған ғимараттардың құлау қаупі бар, сондай-ақ су тасқыны алып кеткен пропан баллондары секілді қауіпті химиялық заттар мен қоқыс та төніп тұр.

Билік өкілдері жағдайдың әлі де тұрақсыз екенін айтып, халықты қауіпсіздік шараларын сақтауға және төтенше қызметтердің ресми хабарламаларын қадағалауға шақырды.