Түркияда шағын автобус жүк көлігімен соқтығысып, үш адам көз жұмды

Түркияның оңтүстігіндегі Мерсин провинциясының Тарсус ауданында ірі жол-көлік оқиғасы орын алды. Салдарынан үш адам қаза тауып, 16 жолаушы жарақат алды, деп хабарлайды Astana TV.

Алдын ала мәліметке сәйкес, ішінде жұмысшылар отырған шағын автобус жүк көлігінің артына соғылған. Қатты соққыдан үш жолаушы оқиға орнында қаза болды. Қалған зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, олар жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілді.

Жол апаты болған жерде құтқарушылар, медицина қызметкерлері мен полиция қызметкерлері жұмыс істеді.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.