Көліктің үстіне қар басқан ағаш құлады

Қостанай қаласында қар мен жаңбырдың мол жаууына байланысты тұраққа қойылған автокөліктерге ағаш құлауының үш оқиғасы тіркелді. Қатты жабысқан қар мен жаңбырдың салмағын көтере алмаған ағаш бұтақтары опырылып түскен.

Бірінші оқиға 8-шағын ауданда тіркелді. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар бензопиланың (мотоараның) көмегімен ағаштың діңі мен бұтақтарын жедел кесіп, көлікті босатты және оны автомобильдің үстінен алып тастады.

Екінші оқиға Тәуелсіздік көшесінде болды. Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) жедел-құтқару жасағының қызметкерлері жұмыс барысында альпинистік жабдықтарды қолданып, ағаштың одан әрі құлап, мүлікке зақым келтіру қаупін болдырмас үшін оны бекітті. Содан кейін бензопиланы (мотоараны) пайдалана отырып, құлаған ағашты мұқият бөлшектеп, автомобильді босатты.

Үшінші оқиға Баймағамбетов көшесінде орын алды. Құтқарушылар дәл осындай алгоритм бойынша ағашты кесіп, алып тастады да, тұраққа қойылған көлікті босатты.

 Оқиғалардың салдарынан зардап шеккендер жоқ. Құтқарушылар көлік құралдарының иелеріне қолайсыз ауа райы кезінде ағаштардың жанына көлік қою орындарын таңдауда сақтық таныту қажеттігін ескертеді.