50 мыңға жуық ауыл тұрғыны «Саламатты Қазақстан» пойызының дәрігерлерінен медициналық көмек алды

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы шалғай аудандардың тұрғындарына сапалы медициналық-әлеуметтік көмекке қол жеткізуді қамтамасыз ете отырып, ел бойынша өз бағытын жалғастыруда.

Жыл басынан бері пойыз 11 өңірдегі 68 ауылға барды, онда 50 мыңға жуық адам мамандардың көмегін алды. Барлық қызметтер, соның ішінде МӘМС жоқ азаматтарға арналған консультациялар тегін көрсетіледі.

Пойыздың құрамында 29 маман: терапевт, хирург-травматолог, кардиолог, педиатр, акушер-гинеколог, офтальмолог, уролог, стоматолог, рентгенолог, невропатолог, оториноларинголог, ультрадыбыстық дәрігер, психолог және басқалар жұмыс істейді.

Қажет болған жағдайда шағын хирургиялық операциялар жасалады. Мобилдік медициналық вагондарда қан талдауынан, флюорографиядан, ультрадыбыстық, ЭКГ және басқа зерттеп-қараулардан өтуге мүмкіндік беретін заманауи диагностикалық жабдықтар орнатылған.
 

«Бірнеше жылдан бері біз отбасымызбен медициналық пойыз дәрігерлерінен көмекке жүгінеміз. Ата-аналар да, балалар да барлық мамандардың қарап-тексеруінен өтуіне тырысамын. Ең жақын емхана біздің ауылдан 130 шақырым жерде орналасқан, сондықтан пойыздың келуі біз үшін сапалы медициналық көмек алуға тамаша мүмкіндік»,– деді Ақтөбе облысының Қарашоқат ауылының тұрғыны Манаш Кенжебаева.

Медициналық көмектен басқа, ауыл тұрғындарына әлеуметтік төлемдер, еңбек даулары және интернет-алаяқтықтан қорғау мәселелері бойынша заңгер мен медиатор консультация береді.

Жоспар бойынша биыл пойыз барлығы 123 станцияға барып, 90 мыңға жуық қазақстандыққа көмек көрсетеді. Маршрут толыққанды медициналық инфрақұрылымы жоқ елдің ең қиын өңірін қамтиды.

Жобаны Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қоры Денсаулық сақтау министрлігінің, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының атынан іске асыруда.
Медпойыздың өзекті қозғалыс кестесі: www.medpoezd.kz сайтында жарияланды.