Солтүстік Қазақстан облысында үй құстары белгісіз аурудан қырылып жатыр. Қызылжар ауданындағы Бугровое ауылының тұрғындары дабыл қағып отыр. Қорадан күнде қаз, тауық пен күркетауықтың ондаған өлексесі табылуда. Бүгінде ресми мәліметке сәйкес, құстың 300-ге жуық басы қырылған. Алайда, жұрттың пайымдауынша өлген құстың саны бұдан әлдеқайда көп.
ОЛЬГА ЧУЯС, БУГРОВОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бір түнде құстың 600 басы қырылды. Оның дені құс тұмауынан екпе алмағандар. Демек, екпе жасауға әлі уақыты келмеген. Біз шаруашылықты жүргізу үшін 13 млн теңге несие алдық. Енді оны қалай жабарымызды білмей отырмыз.
Құстың қырылуы бес күн бұрын басталған. Ветеринарлар бірден құс тұмауына қан сараптамасын алған. Алайда дерт расталмады. Енді сала мамандары басқа сараптаманың қорытындысын күтіп отыр.
ЖАНАТ ӘМІРЖАНОВ, СҚО ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Сараптама кезінде құстардың өкпесі тексерілді. Таза болып шықты. Демек, құс тұмауы жоқ. Бірақ бауыры зақымдалған. Яғни, бірдеңеден улануы мүмкін. Жем-шөптен болуы мүмкін. Пастеррилиоз дертіне сараптама алынды. Жақын арада қорытындысы келеді. Біз ертеңнен бастап дезинфекция жұмысын қолға аламыз.