Ақтөбе облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті Мемлекеттік-әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемді заңсыз алған 2 ақтөбелікті анықтап, іс сотқа жетті. Сотталушылар 2023-2024 жылдар аралығында «декретке миллионмен» қызметін жарнамалап, жүкті әйелдерді жеке кәсіпкер, жұмысшы ретінде тіркейді. Жалған есеп жүргізіп, міндетті төлемдерді аударады.
-Нәтижесінде 10 адам заңсыз схеманың қатысушысы болды. Қаржының бір бөлігін, яғни әлеуметтік төлем аударылғаннан кейін әр әйелден 532 000 — 2 200 000 теңге алған. Тергеу кезінде жүктілік пен босанғаннан кейін алған әлеуметтік төлемнің жалпы сомасы 98 млн теңге болды. Заңсыз жолмен 20 млн теңге пайда тапқан. Айыпталушылар кінәлі деп танылып, 5 жыл 6 ай және 6 жыл бас бостандығынан айырылды. Олардың жылжымайтын мүлкі мен көлігі тәркіленді. Бірақ үкім әлі заңды күшіне енбеді, — деді Ақтөбе облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы Жадан Бисембин.
Қазіргі кезде тағы 2 қылмыстық іс тіркеліп, тергеу жүріп жатыр. Бұл істе де «декретке миллионмен» схемасы бар.