Жетісу облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, прокуратура өкілдерімен бірлесіп, "Қарасора" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында есірткі тасымалдаудың ірі арнасын тоқтатты.
Тергеу кезінде Алматы қаласынан Жетісу облысына есірткі жеткізіп, сақтаумен айналысқан азаматтың әрекеті әшкереленді. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Алматы облысының Шамалған ауылында 51 жастағы ер адам ұсталды. Кейіннен күдіктінің тұрғылықты жерінде және Жамбыл облысы Меркі ауданындағы мал шаруашылығы қоймасында тінту жүргізіліп, ерекше иісі бар, қарасораға ұқсас өсімдік тектес зат табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, бұл кептірілген марихуана болып шықты. Оның жалпы салмағы 10 келіден асты. Құқық қорғаушылардың айтуынша, мұншама көлемдегі есірткі 10 мыңнан астам адамды тыйым салынған заттарды тұтынуға итермелеуі мүмкін еді. Алайда полицияның жедел әрі үйлесімді жұмысының арқасында қауіпті өнімнің заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде. Еске сала кетейік, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, өткізу немесе жөнелту ауыр қылмыс саналады. Ол үшін мүлікті тәркілей отырып, жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.