Қазақстан Еуразия құрлығындағы стратегиялық транзиттік хабқа айналады

"Достық- Мойынты" темір жолы -  еліміздің көлік дәлізіндегі жүк өткізу мүмкіндігін бірнеше есеге арттырады. Қазақстан Еуразия құрлығындағы стратегиялық транзиттік хабқа айналады. Бұл бағыт тек ел ішіндегі ғана емес, бүкіл аймақтық сауданың дамуына ықпал етеді. Қытай, Орталық Азия, Ресей және Еуропа арасында сенімді қатынас орнайды,- дейді сарапшылар.

Қазақ жеріндегі теміржол Қытай мен Еуропа және Орталық Азия мен Араб түбегіндегі елдердің жүк тасымалындағы маңызды өткел. Достық жүк тасымалы стансасы 1991 жылы ашылды. Бүгінде Қытай мен Еуропа арасындағы контейнерлік ағын осы станса арқылы өтеді. Енді поездарды өткізу қабылеті 5 есе артып тәулігіне 60 поезға жетпек.

НҰРЖАН КЕЛБҰҒАНОВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРЛІГІНІҢ ТЕМІРЖОЛ ЖӘНЕ СУ КӨЛІГІ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Қытаймен 100 млн тоннаға шейін жүктерді өңдеуге мүмкіндігіміз артып отыр.Сөйтіп  Қазақстан өзін көліктік- логистикалық хаб ретінде жариялап үлкен инфраструктруалық жобаларды соған келтіріп жатыр.

Сарапшылардың айтуынша жүк өткізу қабылетінің артуы экономикаға сеп. Транзиттен түсетін қаржы ішкі жүк айналымын және экспорттық, импорттық жүк айналымын дамытуға жол ашады.

ВАДИМ КОПЫЛОВ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ ҰК» АҚ «БІРІКТІРІЛГЕН ЖОСПАРЛАУ ДИРЕКЦИЯСЫ» ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл жоба мерзімінен 2 жыл бұрын іске қосылды. Қазақстанның экспорты мен жүк тасымалын дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Бұл учаскеден бұрын тәулігіне 12 поезд өтсе, енді ол 60 жұпқа жетіп отыр. 

Көлік дәлізінің құрылысы барысында ҚТЖ инфрақұрылымы да жақсарды. 260 жаңа нысан салынды. Қоғам белсенділерінің пікірінше теміржол желісінің дамуы көрші елдермен ынтымақтастықты дамытып қана қоймай халықтың әл- ауқатын көтереді.

НҰРЛАН РАҚЫМЖАН, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Жаңағы Қытайдан келетін үлкен тауарлар, азық-түлік болсын, өнеркәсіптік тауарлардың барлығы осы темір жолдың бойында орналасқан қала, ауыл, барлық сол маңда орналасқан барлығына экономикалық әсері тиері сөзсіз. Бірнеше жұмыс орындары ашылуы мүмкін. Үлкен қоймалар болуы мүмкін. Соның ішінде біздің ішкі өнімге, ішкі экономикамызға, бюджетімізге әлде үлкен әсері тиеді оң жағынан деп есептеймін.

Айта кетейік жобаны іске асыру барысында ҚТЖ- ның 32 станциясы модернизацияланды.Олардың ең ірілері- Мойынты, Балқаш, Ақтоғай, Бескөл бекеттері.