Оралда оқушыны жәбірлеген күдікті іздестіріліп жатыр

Оралда 10 жастағы оқушы қызды жәбірлеген күдікті іздестіріліп жатыр. Полиция дерегінше, белгісіз адам сабағынан үйіне бара жатқан баланы тоқтатып, арқанмен буындырған. Оқыс оқиға мектеп маңындағы орман ішінде болған. Күдіктінің жолын кескен полиция қазір осы аумақты шарлап, айналадағы үйлерді тексеріп жатыр. Бұл оқиғадан қатты қорқып, үрейі ұшқан ата-аналар балаларын мектепке жіберуден бас тартамыз деп отыр. Енді бірі баласын жалғыз жіберуге қорқып, бүгін жұмыстан сұрануға мәжбүр болыпты. Өйткені қылмыскер ұсталмайынша, біраз адамның обалына қалуы мүмкін.

БЛИЦ:

- Кешегі жағдайдан кейін бәріміз қорқып қалдық. Білмеймін енді, ауру адам болуы да мүмкін. 

- Осы бір жерді парк бірдеме жасауға болмай ма екен, балаларға да жақсы. Былай-былай өткенде парк деп әйтеуір кісілер отырады. Қауіпсіздік жағдайы болады ғой деп ойлаймыз.

- Қауіпсіздікті күшейту керек. Басқа енді жаңағы отбасыға  сабыр тілеймін. Басқа айтарым жоқ. Өзіміз де жаман жағдайда жүрміз. Ешкімнің басына ондайды салмасын.  Өзіміз кеше шок болып, түнімен жылап шықтым өзім.

Қазір уатсап желісі арқылы түрлі қауесет тарап жатыр. Әсіресе төрт жігіттің 15 жастағы қызды зорлағаны туралы суыт хабар қаланы дүрліктірді. Мұны теріске шығарған полиция жалған ақпарат таратқандардың жауапқа тартылатынын ескертті. 

ҰЛАНБЕК ӘБІЛХАЙЫР, БҚО ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Кәмелетке толмағанға қатысты құқыққа қайшы әрекет бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы қылмысқа қатысы бар адамды құрықтау үшін жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Балаларға қарсы жасалған қылмыстар – қоғамдағы ең ауыр әрі сорақы әрекет екенін атап өтеміз. Теріс әрекет жасаған адам міндетті түрде ұсталады.