Бірер сағаттан соң көптен күткен «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы ойын басталады. Футбол сүйер қауымның көп болғанынан Алматыдағы қарбалас күрт күшейді. Ал, шетелден келген фанаттар жайғасатын орын таппай әлек. Өйткені, мегаполистегі қонақүйлердің толу көрсеткіші 95%-ға жетті. Матч алдындағы атмосфераны Айдана Шалқар жеткізеді.
АЙДАНА ШАЛҚАР, ТІЛШІ:
Санаулы уақыттан соң «Қайрат» дәл осы Орталық стадионда Мадридтік «Реалды» қабылдайды. Көрермен стадионға матчқа үш сағат бұрын кіре бастайды. Алматыға 5 мыңға жуық шетелдік көрермен табан тіреген. Ал, еліміздің басқа да өңірлерінен келген фанаттарды қосқанда туристер саны 10 мыңға жетті.
Қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету үшін 2,5 мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылған. Медицина мамандары да тәулік бойы тік тұрады. Санитарлық тораптар жаңартылып, қосымша 60 биодәретхана орнатылған. Матч аяқталған соң жанкүйерлер үйіне жайлы жетуі үшін 60 автобус тегін қызмет етеді. Олар 6 бағытта қатынайды.
БЛИЦ:
- Қайрат алға. Қайратқа жеңіс тілейміз. Қазақ елі әрқашан көк туы желбіреп, әрқашан қайда болсын жеңіс біздікі.
- Әрине, мен Мадридтік болған соң Реалға жақтасамын. Біздің команда жеңеді деп ойлаймын. «Қайраттықтар» чемпиондар лигасында алғаш рет ойнаса да, жақсы нәтиже береді деп күтем.
-Мен негізі Реалдың 20 жылдық фанатымын. Бірақ енді қаным қазақ, міндетті түрде Қайратқа жанкүйер боламыз.
- Мен кеше Санкт-Петербургтен келдім. Ұлтым испандық болғандықтан Реалдың жеңгенін қалаймын. Менің ойымша, есеп 3-0 болады.
Әлемнің түкпір-түкпірінен жанкүйерлер келген. Әсіресе, Қытай, Үндістан, Ресей елдерінен көп. Сондай-ақ, Жапония, Ұлыбритания, Испания, Чехия мемлекеттерінен Алматыға ат басын бұрған қолдаушылар басым. Туристер легі көбейгені сонша қаладағы кейбір қонақүйде бос орын қалмаған.
БЛИЦ:
- Бүгін Қайрат ұтады. 2-0 болады счет.
- Счет 1-1 болады деп ойлаймын.
- Өзім негізі Реалдың фанатымын. Бірақ бүгін именно Қайраттың фанаты болам.
- Қайраттан тым болмаса бір гол күтеміз. Енді жеңеді деген үміт кішкене аздау. +Астана қаласынан келіп тұрмыз. Қайратқа жақтасам.
- Қайратқа жеңіс тілейміз, әрине. 3-0 Ұтады деп отырмыз.
- Қайраттан тең деген нәтиже күтем. 1-1, 2-2 дегендей. Бірақ біз гол соғып, тең ойнауымыз керек. Біз ешқашан ұтылмауымыз керек.
- Қайратқа сенеміз. Барлығы жастар. Жастардың рухы да тасқындап тұр.
АЙДАНА ШАЛҚАР, ТІЛШІ:
Футбол матчы қарсаңында көлік қозғалысы да қиындады. Бүгін сағат 16:00-ден бастап Абай, Сәтбаев, Байтұрсынов көшелері толығымен жабылды. Чемпиондар лигасының маңызды матчы сағат 21:45-те басталмақ.