«AMANAT» партиясының «Taza Qazaqstan» road-эстафетасы қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырады

«Taza Qazaqstan» road-эстафетасы басталды. Бір аптаға жалғасатын ауқымды шарада қатысушылар Алматы, Шымкент және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары арқылы мың шақырымнан астам жолды еңсереді. Жобаға «Жастар Рухы» жастар қанатының мыңдаған белсендісі мен жергілікті тұрғындар атсалысады. Акцияның басты мақсаты – қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыру. Шараға «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек қатысты.

Эстафета аясында тек қоқыс жиналмайды.  Депутаттар халықпен кездеседі, жастарға арналған open-air іс-шаралары, қоғамдық қабылдаулар және таза ауада «Чемпиондық рух» жаттығулары өтеді. Сонымен қатар «Вандализмге жол жоқ!» жобасы шеңберінде «Тұлғалар тұғыры» мемориалдық кешені, «Ақыртас» сарайы, «Бірлік» монументі және ежелгі Сауран қалашығы сияқты тарихи нысандар тазартылып, абаттандырылады.

АҚЕРКЕ ИСКАНДЕРОВА, «ЖАСТАР РУХЫ» ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Road-эстафетасының ерекшелігі бұл жерде тек қана қоқысты жинамай, Президент үнемі айтатын экологиялық мәдениетті қалыптастыру, жастарға, азаматтарға осы экологиялық мәдениеттің маңыздылығын түсіндіру аясында біз аудандарға кіріп, тұрғындармен жұмыс өткіземіз.

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» бұл – бір күндік науқан емес» деді. Иә, бұл – біздің өмір салтымыз. Сондықтан тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек.

НИКИТА ШАТАЛОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Өте көп жас жиналды. Эстафетаға депутаттар да, волонтерлер мен жергілікті қауым өкілдері де бірдей атсалысуда. Барлығының мақсаты – табиғаттың тазалығын сақтау, тарихи-мәдени мұраны қорғау. Осындай игі бастамалар жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастырып, ел ішінде патриотизм мен ауызбіршілікті арттыра түседі.

Былтыр «Жастар Рухы» жастар қанатының 2 мыңнан астам белсендісі Астанадан Алматыға дейінгі 1200 шақырым жолды жүріп өтіп, 100 тонна қоқыс жинады. Биылғы міндет – тек қоқыс жинап қана қоймай, оны сұрыптау.

ТАНИР ЯССА, «ҚОҒАМДЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Мұндай шаралардың ұйымдастырылуы мені қатты қуантады. Қазақстан – ұлан-ғайыр даласы бар, табиғаты әр алуан мемлекет. Кең байтақ жері мен қайталанбас табиғатымен таңғалдыратын ел. Бірақ осынау кең көсілген байтақ жерімізде қоқыс үйінділері көзге түсіп, әсем табиғаттың ажарын кетіріп жатады.

«Таза бейсенбі» акциясы аясында «AMANAT» партиясының мүшелері мен «Жастар Рухы» белсенділері бір жарым жылға жетпейтін уақытта 1000-нан астам ластанған аумақты тазартып, абаттандырды. Іс-шараларға 90 мыңға жуық адам қатысып, 160 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.