Ақтөбеде халықаралық «Әдебиет. Рух. Қоғам» әдеби байқауының жеңімпаздары марапатталды

Ақтөбе облысында  халықаралық «Әдебиет. Рух. Қоғам» әдеби байқауының салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов бастаған белгілі ақын-жазушылар мен мәдениет майталмандары қатысты.

Байқау алғаш рет 2019 жылы форум ретінде бастау алып, уақыт өте халықаралық деңгейдегі беделді әдеби жобаға айналды. Жыл сайынғы дәстүрлі дода аясында қазақ әдебиетінің поэзия, проза, драматургия, сатира, балалар әдебиеті және аударма жанрларындағы үздік туындылар анықталады.

Әдеби байқаудың негізгі мақсаты – қаламгерлердің есімдерін ұлықтау және олардың жолын жалғап келе жатқан бүгінгі буынның шығармашылығын қолдау.

Биылғы байқау қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Қуандық Шаңғытбаевтың 100 және сатирик-жазушы, ұстаз Үмбетбай Уайдиннің 90 жылдығына арналды.

Додаға еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелдерден барлығы 140-тан астам шығарма қабылданды.  Байқау нәтижесінде әдебиетінің көрнекті өкілдері атындағы 11 номинация бойынша үздік қаламгерлер марапатталды.

Сағи Жиенбаев атындағы номинацияны Индира Кереева, Төлеген Айбергенов атындағы номинацияны Аманжол Исламғали жеңіп алса, Тахауи Ахтанов атындағы номинацияны Гүлжайнар Қалдина, Үмбетбай Уайдин атындағы номинацияны Нұрлыбек Қалауов, Ізтай Мәмбетов атындағы марапатты Ернұр Сейдахмет иеленді. Түркия елінің жас ақыны Фатих Султан Йылмаз Қуандық Шаңғытбаев атындағы номинацияның жеңімпазы атанды.