Мемлекет басшысы жасанды интеллект зерттеу университетін ашуды тапсырды

 

Мемлекет басшысы жасанды интеллект саласына маманданған зерттеу университетін ашуды тапсырды, деп хабарлайды Astana TV.

– Оқу орнына арнайы мәртебе берген жөн. Сондай-ақ бұл жұмысқа әлемдік үздік оқу орындарын серіктес ретінде тарту қажет. Үкімет жыл соңына дейін осы мәселе бойынша нақты ұсыныс беруге тиіс. Осындай жаңа оқу орны бізге не үшін қажет деген сауал да туындауы мүмкін. Басты мақсат – экономиканың барлық саласына жасанды интеллект технологиясын енгізетін білікті мамандарды даярлау. Зерттеу университеті ғылым-білім, инновация және халықаралық байланыс орталығы ретінде жұмыс істеуі керек. Қазіргі жаһандық білім және технология нарығында бәсеке өте жоғары. Дарынды жастарымыз әлемдік деңгейдегі сапалы білімді тек шетелден емес, өз елімізден де алғаны дұрыс. Бұл – Қазақстанның болашағына тікелей әсері бар өте маңызды мәселе, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне кеңінен енгізу қажет деп санайды.

– Дербес оқыту – революциялық мүмкіндік. Әдеттегі «Барлығына бір бағдарлама» моделі заман талабына сай келмейді. Әр оқушының өзіне тән ерекшелігі бар. Бірі математикаға жүйрік болса да, тіл үйренген кезде қиналады. Енді бірі гуманитарлық пәндерге жетік болса, бірі физикаға шорқақ. Жасанды интеллект арқылы осы олқылықты жоюға болады. ЖИ негізінде құрылған білім жүйесінде әр оқушының қарым-қабілетіне сәйкес жеке оқыту бағдарламасын әзірлей аламыз. Соның нәтижесінде жастардың әлеуеті мен оқуға ынтасы артады. Халықаралық тәжірибеде мұндай сәтті мысалдар жеткілікті. Мәселен, АҚШ-та DreamBox және Knewton сияқты білім беру платформалары математика курсын әр оқушыға бейімдеп оқытады. Оңтүстік Кореяда жасанды интеллектіні тіл үйрену үшін қолданады. Қазақстанда да мұндай тәсілге жүгінудің айрықша маңызы бар. Әсіресе, көпэтносты ел ретінде біз тілдік, мәдени немесе жалпы білім деңгейі әртүрлі балалардың бәріне тең жағдай жасауды ойлауымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент оқушылардың цифрлық профильдерін қалыптастыруды тағы бір маңызды басымдық ретінде атады.

– Онда әр баланың оқу үлгерімі, мықты қырлары мен жетістіктері тіркеледі. Ал бұл, өз кезегінде, университет бағдарламасын оңтайландырып, жоғары оқу орнын мерзімінен бұрын тәмамдауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жасанды интеллект цифрлық профиль негізінде кәсіптік бағдар жүйесін жасақтайды. Оқушыларға қарым-қабілетіне сай даму жолдары, курстар мен жобаларды таңдау еркіндігі ұсынылуы керек. Бұл болашақ инженерлерді, зерттеушілерді, дәрігерлерді, мұғалімдер мен кәсіпкерлерді алдын ала анықтауға жол ашады. Осылайша, әрбір адам өз қабілетін пайдаланып, өмірден лайықты орнын табады. Үкіметке жаңа ЖИ университетімен интеграцияланған оқушылардың ұлттық цифрлық профильдер жүйесін құруды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мұғалімдер көп уақытын жұмсайтын күнделікті күйбең шаруаны жасанды интеллект арқылы автоматтандырудың маңызына назар аударды.

– Алгоритмдер шәкірттерге жеке тапсырмалар мен дайындық тесттерін әзірлеп, жауаптарды тексеріп, олармен жылдам кері байланыс орната алады. Мұндай технологиялық шешім мұғалімдердің жұмысын едәуір жеңілдетіп, ұстаздық қызметімен айналысуына мүмкіндік береді. Бірақ бір нәрсе әрдайым есте болуға тиіс: мұғалімнің жанашырлығын және ақыл-парасатын ешбір технология алмастыра алмайды. Сондықтан мұғалім мен оқушы арасындағы адами қарым-қатынас білім беру үдерісінің өзегі болып қалуға тиіс. Біздің мақсатымыз – педагогтерді басы артық жұмыстан босату, өз миссиясын алаңсыз атқаруына жағдай жасау. Үкімет жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізген кезде осы қағиданы ескеруі керек, – деді Мемлекет басшысы.