Мемлекет басшысы мұғалімдерді мемлекеттік наградамен марапаттады

Соңғы 5 жылда білім саласына қатысты өзгеріс көп. Қаржы көлемі ұлғайды, жаңа мектептер бой көтерді. Бастысы, мұғалімдер жалағысы екі есе артты. Мәртебелі мамандық иелерімен кездескен Президент осылай дейді. Мемлекет басшысы бала болашағы үшін тер төккен тұлғаларды Ақордаға жинап, оларды алда келе жатқан Ұстаздар күнімен құттықтады.

«Халыққа ең пайдалы адам – мұғалім». Міржақып Дулатұлының осы сөзі-ақ мұғалімдер мәрдебесін айқындап тұр. Расымен, ұстаз – қадірлі тұлға. Тәлім-тәрбие мен білімнің қайнар көзі. Кез келген қоғамның кемелдігі, өркениеттілігі ұстазға деген қатынасымен өлшенеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ұстазын ұлықтаған елдің ұрпағы саналы, болашағы жарқын болары хақ. Себебі әр мұғалімнің еңбегі – ерен, еліміздің дамуына қосқан үлесі – орасан. Сондықтан бүгін мен білім беру саласында еңбек етіп жүрген барша азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін.

Соңғы жылдары білім саласына ерекше ден қойыла бастады. Бөлінетін қаржы үш есе артты. 1200 жаңа мектеп ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 150 білім ошағы салынды. Тағы 67 мектептің құрылысы жүріп жатыр.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл деректі халық білуі керек, себебі мемлекет жас ұрпақтың біліміне және ұстаздардың жағдайына баса назар аударып жатыр.

Қазір білім саласында бәсеке жоғары. Ұстаз болуға ұмтылған жас көп. Әсіресе, мектепті «Алтын белгіге» бітірген түлектер арасында мәртебелі мамандықты таңдағандар басым.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жалпы, білім беру саласында жүйелі жұмыс істеліп жатыр, нәтижесі де жақсы деп айтуға болады. Мысалы, былтырдан бері мыңнан астам оқушы түрлі пәннен халықаралық білім сайысында жеңімпаз атанды. Бұл – ұстаздардың белсенді жұмысының жемісі, дарынды жастарымыздың табанды еңбегінің нәтижесі.

Цифрландыру және жасанды интеллект технологиясы –заман ақиқаты. Сондықтан цифрлық сауаттылықты балаларға мектептен бастап үйреткен жөн. Оқушылар озық технологияны оқуда тиімді пайдалана білгені абзал.