"Жұмысшы мамандықтар жылы аясында төтенше жағдай қызметін таңдаған студенттер саны көбейіп жатыр", - маман

Жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру - бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта Ақмола облысында "Жұмысшы жастар аманаты" атты форум өтті. Өңірдің колледж студенттері  маңызды жиында бас қосып, түрлі сала мамандарымен ашық пікір алмасты. 

«Жұмысшы жастар аманаты». Осындай атаумен өткен форум Ақмола облысының бес ауданының 250-ге жуық колледж студентін бір алаңға жинады.

СҰЛТАНБЕК БЕКЕШОВ, «ЖАСТАР РУХЫ» ЖАСТАР ҚАНАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Іс-шараны облыстың жұмысшы жастарымен өткізіп жатырмыз. Жиын 3 бөлімнен тұрады. Кеңес алады, экскурсия жасайды.

Мақсат – жай ғана бас қосу емес. Шара арқылы жастардың жұмысшы мамандықтарға деген қызығушылығын арттыру көзделген.

АЛТЫНАЙ МАДЖИТОВА, СТУДЕНТ:

Бүгінгі форум өте жемісті болды. Біраз дүниемен таныстық. Түрлі мамандықтың қыр-сырынан хабардар болдық.

РУСЛАН ПЛОТНИКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІНІҢ АҒА ӨРТ СӨНДІРУ-ҚҰТҚАРУ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Біз жиі экскурсия ұйымдастырамыз. Студенттерді орталыққа шақырып жұмысымызбен таныстырамыз. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында төтенше жағдай қызметін таңдаған студенттер саны көбейіп жатыр.

Бүгінде ауыл шаруашылығына білікті маман тапшы. Сондықтан мамандарды колледж деңгейінде жұмысқа баулу – басты талап. Қазір өңірде 26 кәсіптік білім беру мекемесі бар. Онда 19 мың студент оқиды.

ӘБІЛҚАЙЫР ОШАҚБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:

Енді келешекте ауылды толықтыру, ауыл шаруашылық тауарларын өндіруге үлес қосатын осы біздің жастар. Осы жастарды тәрбиелеп, баулуда колледждің маңызы зор.

Форум жұмысшы мамандықтың беделі артып келе жатқанын айғақтайды. Жиын жас буынды қалыптастыру жолындағы маңызды қадамның бірі болмақ.