«Жасанды интеллект технологиясын жауапкершілікпен қолдану өте маңызды», - Қ. Тоқаев

Жасанды интеллект қоғамның болмыс-бітімі, дәстүрі, құқықтық нормалары мен адамгершілік қағидаларына сай болуы тиіс. Сондықтан оны дамытуға философ, әлеуметтанушы мен заңгерлер көмектесуі қажет. Сонда цифрландыру ұлтымыздың менталитетіне оң әсерін тигізеді. Бұл – Президенттің Digital Bridge 2025 халықаралық форумында айтқан сөзі. Тақырыпты әрі қарай әріптесім Аружан Задабек жалғастырсын.

Жаһан жұрты жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Саланың дамуына соңғы жылдары дүниежүзі бойынша бір триллион доллардан артық инвестиция салынған. Ал ақылды технологияның  экономикаға қосатын онжылдықта жеті триллион долларға жетуі мүмкін.  Бірақ, пайда бар деп, бас салудан ада болған жөн.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Оның әскери салада, кибершабуылдарға және халықаралық тұрақтылыққа қатер төндіретін жобаларда пайдаланылуына жол беруге болмайды.

Бүгін «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығы өз жұмысын бастады. Бұл мекеме - инновациялар мен тың идеялардың мекені деуге болады. Яғни, біртұтас экожүйенің негізгі өзегі ретінде қызмет етеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 «Alem.ai» жасанды интеллектіні барынша тиімді әрі этикалық нормаларға сай қолданатын жаһандық орталық болуға тиіс.

Озық технологияларды қолдану, бір жағынан, пайдалы әрі тиімді болғанымен, екінші жағынан, сын-қатері де аз емес. Сондықтан заңды реттеу – бірінші талап. Қазір Цифрлық кодексті қабылдау үшін жұміс жүріп жатыр. Бірақ бұл асығыс шешім шығара салатын құжат емес. Жауапты, күрделі жұмыс.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бір апта бұрын Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» Заңды екінші оқылымда қабылдады. Расында, бұл уақтылы қабылданған заң болды.

Қазір әлем халқының алдында жасанды интеллектінің болашағына қатысты түрлі таңдау бар. Бірі шексіз мүмкіндіктерге жол ашады. Ал енді бірі үлкен сын-қатерлерге душар етуі мүмкін. Дегенмен бір нәрсе анық. Жасанды интеллект – заман ақиқаты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сондықтан келесі жылдан бастап форумды AI Bridge деп атаған жөн деп санаймын. Бірақ форумның мақсат-міндеті өзгермейді.

Жасанды интеллектіні дамыту үшін біраз шара қабылданды. Соның бірі- Telegram мен Жасанды интеллект министрлігі іске қосқан суперкомпьютерлік жоба.Бұл технология бір миллиардтан астам адамға жасанды интеллект функцияларын құпиялылықпен, ашықтықпен және тиімді түрде қолдануға мүмкіндік береді.

ПАВЕЛ ДУРОВ, TELEGRAM МЕССЕНДЖЕРІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:

Біз Қазақстанның суперкомпьютерлік кластері осы желіге есептеу қуатын жеткізетін алғашқы ірі провайдерлердің біріне айналады деп үміттенеміз.

Десе де біз мына маңызды мәселені назарда ұстауымыз керек. Ақылды технологияның бойында сана бар, бірақ сезім жоқ. Оның талдау және болжам жасауға қабілетті болғанымен, адам сияқты армандап, қиялдай алмайды. Заманауи технология қаншалықты озық болса, адамның ой-санасы сонша жүйрік болуы тиіс. Демек, оны өз мүддеміз үшін тиімді пайдалану – басты мақсат.