Жасанды интеллект мектебінде жыл сайын 5 мың оқушы тегін оқи алады

Alem.Ai орталығының екінші және үшінші қабатында «TUMO» креативті технологиялар мектебі орналасады. Онда  12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер 11 бағыт бойынша білім алады. Олар: генеративті жасанды интеллект, бағдарламалау, 3D-анимация және тағы басқа.

«Бұл балаларға арналған қосымша білім беретін тегін мектеп. Жылына 5 мың оқушы оқытамыз. Оқушылар сабаққа дейін немесе сабақтан кейін қатыса алады. Бұл – заманауи білім беру платформасы, мұнда оқушылар үздік ұстаздардан білім алып, ең жаңа контентпен жұмыс істей алады», – дейді Astana Hub басқарушы директоры Валерия Те.

Ал орталықтың төртінші және бесінші қабаттарында ересектерге арналған жасанды интеллект мектебі ашылады. Ол Tomorrow School деп аталады. Бұл мектеп Astana Hub базасында бір жылдан бері жұмыс істеп тұр.

«Жобаның ерекшелігі – мұнда мұғалімдер жоқ: студенттер бір-біріне үйретіп, тәжірибе алмасады. Қазір бізде 250 студент оқып жатыр, бұл өтініш бергендердің небәрі 2%-ы ғана. Біз таланттарды іздеп, ең мықтыларды іріктейміз. Басқа өңірлерден келгендерге тегін жатын орын қарастырылған. Оқу екі жылға созылады. Екі жылда адам жасанды интеллект саласының маманы болып шығады», – деді атқарушы директор.

Бұл мектепке 18 жастан асқан азаматтар қабылданады.

Валерия Тенің айтуынша, орталықтың алтыншы қабатында инкубациялық бағдарламаларға арналған Startup Campus, жетінші қабатта ірі компаниялардың зерттеу орталықтары орналасады. Мәселен, Telegram, Presight және тағы басқа. Сегізінші қабатта үлкен ахуалдық орталық ашылады.