Оралда жаңа мектеп ашылды

Ұстаздар мерекесі қарсаңында Орал қаласындағы білім ошақтарының қатары су жаңа мектеппен толықты. Дарынды балаларға арналған бұл лицейдің құрылысы түрлі себеппен алты жылға созылған еді. Бүгін ресми түрде ашылып, оқушыларды қабылдады.

Мемлекет басшысы апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі шешуді тапсырды. Яғни, балалар қауіпсіз, заманауи мектептерде білім алуы тиіс. Жетпіс жыл бұрын салынған ескі ғимараттың орнынан бой көтерген жаңа білім ошағы - осы тапсырманың орындалғанының айқын дәлелі.

АЗАМАТ САФИМАЛИЕВ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ БҚОФ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Бұл жалпы біздің AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасының жол картасында тұрған нысан болып есептеледі. Партия тарапынан бұл үлкен бақылауда болды. Сайлауалды бағдарламадағы мектептердің салынуы - негізі ең бастысы халықтың аманаты. Бұл мана айтылғандай авариялық жағдайдағы мектептерді жоқ қылу, біріншіден. Екіншіден, үш ауысымдағы мектептерді азайту.

Бүгінгі салтанатты шарада облыс әкімі мектепке өз атынан 27 компьютерді сыйға тартты, еңбегі сіңген ардагер ұстаздарды мерекемен құттықтады.

НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВ, БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бүгінгі ашылып отырған нөмірі сегізінші жаңа мектептің құрылысы жеке өзімнің бақылауымда болды. Осы орайда құрылыс жұмыстары барысында кездескен күрделі сұрақтардың тиімді шешімін табуға кеткен уақытты ескере отырып, сіздердің шыдамдылықтарыңыз бен терең түсініктеріңізге айрықша алғыс айтамын.

400 орындық мектептің спорт залы, асхана мен кітапханасы заман талабына сай жабдықталған. Робот техникасына бейім ұл-қыздарға арнайы шеберхана қарастырылыпты. Соңғы үш жылда 7500 орындық 26 мектеп бой көтерген өңірде тағы 11 білім ошағын салу жоспарланып отыр. Осылайша облыстағы апатты жағдайдағы және үш ауысымдық мектептер түбегейлі жойылады.