Жаңа оқу жылында 10 мыңнан астам жас педагог жұмысқа қабылданды

2025-2026 оқу жылында қазақстандық білім беру ұйымдарына 10 мыңнан астам жас педагог жұмысқа қабылданды,-деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асып жатқан кешенді шаралардың нәтижесінде жастардың мұғалім болуға ынтасы артып келеді. Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы соңғы бес жылда 2 есе көбейіп, жаңа оқу жылынан бастап 84 мың теңгені құрады. 2004-2005 оқу жылында 1800-ге жуық «Алтын белгі» иегері педагогикалық мамандыққа оқуға түссе, биыл 2 мыңнан астам үздік түлек ұстаз мамандығын таңдаған. Бұл – осы жылы оқу бітірген «Алтын белгі» иегерлерінің 23 пайызға жуығы.

Жас педагогтерді қолдау мақсатында педагог-тәлімгерлер мен педагогикалық қызметін жаңа бастайтын жас мамандар үшін арнайы білім беру курстарының бағдарламалары мен әдістемеліктері әзірленген. Одан бөлек ауылға білікті кадрларды тарту мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы тұрақты жүзеге асуда. Мұғалімнің біліктілігін арттыру, қоғамдағы мәртебесін көтеру және сапалы білім беру ортасын қалыптастыру - мемлекеттік білім беру саясатының басты бағыты ретінде жүйелі түрде жүзеге асырылуда.