Қазақстанның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан президенті Тамаш Шуйок Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығын аралап көрді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Инновациялық кеңістік еліміздегі заманауи технологияларды дамытуға, дарынды жастарды қолдауға, AI және ІТ сектордағы перспективті жобаларды ілгерілетуге арналған. Бұл экономикадағы цифрлық саланы жаңа деңгейге көтереді.
Alem.AI Қазақстанның ғана емес, басқа да елдердің мамандарын шоғырландыратын орталық болмақ. Бірегей жоба ғылым, өнеркәсіп, креативті индустрия мен мемлекеттік қызмет көрсету секілді салалардағы технологияны дамытуды көздейді.
Орталық ұлттық ЖИ экожүйесін құруға, инвестиция тартуға, стартаптар мен зерттеу қызметтерін ынталандыруға септігін тигізеді.
Сондай-ақ отандық ЖИ шешімдердің экспортын 2029 жылға қарай 5 миллиард долларға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жасанды интеллектіні дамыту жаңа технологияның пайда болуына және экономикалық өсімге ықпал етіп, Астананы Орталық Азиядағы ЖИ бойынша жетекші қалаға айналдырады.
Жоба аясында жылына түрлі салада көзге түскен 10 мың дарынды жасты қолдау, 1 мыңға жуық маманды оқыту, 100-ге тарта стартапты іске қосу, 10 шақты ғылыми зерттеуді жүзеге асыру жоспарланған.