Фейк фильтр: тексердік, айттық!

Әлеуметтік желіде тараған ақпараттың бәріне сене беруге болмайды. Соңғы күндері де елді елең еткізген түрлі жазбалар шықты. Оның рас-өтірігін қалай ажыратуға болады? Эфирде- «Фейк фильтр».

АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Армысыздар, қадірлі көрермен! Ақпаратты саралай, сіздермен мен, Ақбота Базарбай.

Әлеуметтік желіні ашсаң,  хабарлама  көп. Бірі күлкілі, бірі қорқынышты. Ал ең қауіптісі - фейк ақпарат. Ол қоғамды дүрліктіреді, сенімді бұзады.  Соңғы күндері тараған үш түрлі мәліметтің бүгін  ақ-қарасын ажыратамыз.

«Бала түнде жыласа - ата-анасына айыппұл салынады» деген ақпарат желіде қызу талқылануда.  Көпшіліктің алаңдағаны рас.

АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Ойланып қараңызшы: жаңа туған сәбиді қалай «үндеме» деп тоқтатамыз? Анасы түні бойы баласын жұбатады, әкесі де ұйықтай алмай алаңдайды. Бұл - әр отбасыға таныс жағдай. Бірақ оны «құқық бұзушылық» деу - қисынсыз, әрине. Заң не дейді?

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 437-бабында тыныштықты бұзу - азаматтардың қалыпты тынығуына кедергі келтіретін шулы әрекеттерге қатысты делінген. Ал сәбидің жылауы - ешқашан әкімшілік жауапкершілікке себеп болмайды!

МАРЖАН БАХТИЯРҚЫЗЫ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨКІЛІ:

Тыныштықты бұзу туралы заң азаматтардың күнделікті демалуына кедергі келтіретін шулы әрекеттерге қатысты, яғни сағат кешкі 22:00-ден таңғы 9:00-ге дейінгі уақытта жасалатын жөндеу, өзге де шулы жұмыстар жатады. Пабликтердегі мұндай ақпарттар жалған болып табылады. Жалған ақпарат таратқандар заң жүзінде жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Желіде тараған тағы бір бейнеролик қоғамда үлкен талқы тудырды. Әскерилердің дөрекі әрекеті көрсетілген кадрларды жұрт Қазақстанда түсірілген деп қабылдады.

АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Әскери форма, қатқыл сөздер - көрген адамды ойландырмай қоймайды. Бірақ тексеріс нәтижесінде бұл Қазақстанға мүлдем қатысы жоқ бейнеролик болып шықты.

Видео - Қырғызстанда түсірілген «Баткен» көркем фильмінен алынған. Авторлар арнайы қазақша дыбыс қосып, көрерменді шатастыруды көздеген.

АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Көргендеріңіздей, көркем фильмді шындық ретінде көрсету - классикалық фейктің бір үлгісі. Әдейі қосылған дыбыс халықты жаңылыстырып, жалған ассоциация туғызады.

Желіде тараған тағы бір қауесет - «Қазақстан азаматтарына бір уақытта бірнеше жерде жұмыс істеуге тыйым салынды» деген хабар. Бірнеше жұмысты қатар алып жүргендер абдырап қалды. Әсіресе қазір көп адам күнкөріс үшін екі-үш жерде еңбек етеді. Бұл да жұртшылықты елең еткізді.  

МАРЖАН БАХТИЯРҚЫЗЫ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨКІЛІ:

Негізі заң әр түрлі жұмыс берушілерде жұмыс істеуге рұқсат береді. Егер жалпы жұмыс уақыты тәулігіне 12 сағаттан аспаса. Яғни, негізгі жұмыста 8 сағат, ал қосымша жұмыста 4 сағатқа дейін. Ал шектеулер тек қана кәмілетке толмағандарға зиянды жағдайларда жұмыс істейтіндер мен мемлекеттік қызметшілерге ғана қатысты қолданылады. 

АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Жалған ақпарат қоғамда дүрбелең туғызады. Бірақ бізде нақты дереккөз, ресми мәлімдеме бар. Сол себепті көрген әрбір хабарламаны бірден бөліспей, тексеріп алыңыз. Жалған ақпаратты әдейі тарату заң аясында жауапкершілікке әкеп соғады.

Есте сақтаңыздар: егер күмәнді ақпаратқа тап болсаңыз, Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығына жүгініңіз. Ақпаратты тек ресми дереккөздерден алыңыз. Бұл сіздің уақытыңызды, жүйкеңізді және ең бастысы - сеніміңізді сақтап қалады.

Бүгінге осы, келесі кездескенше, аман болыңыздар!