Қазақстан мектептерінің келбеті өзгереді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған "Келешек мектептері" жобасы аясында 175 жаңа білім ошағы бой көтерді. Жыл соңына дейін тағы 33 мектеп қолданысқа беріледі. Бұл апатты оқу орындары мен орын жетіспеушілігі мәселелерін жоюға бағытталған. Замануи ғимарат несімен ерекше, онда оқушыларға қандай мүмкіндіктер бар? Әріптесім Үсен Астананың сюжетінде.
ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:
Біздің кезде мектепте темірдей тәртіп пен бор, темір тақтайша ғана болған дейді бұрынғылар. Ал бүгін білім алып жатқан шәкірттердің жәй күйі мүлдем басқа. Мұнда сабақтан қашатын емес, сабақтан кейін мектепте қалатындардың қарасы көп, себебі бұл -жайлы мектеп.
1 трлн 423млрд теңге қаражат бөлінген жобаның мақсаты- қала мен ауыл балаларының білім деңгейін теңестіру. «Келешек мектептері» – бұл тек жаңа ғимарат емес, жаңа дәуірдің оқу ошағы! Олар ескі мектептерден 20%-ға үлкен, ал техникалық жабдықталуы 4 есе жоғары. Мұнда оқушылар робототехниканы меңгеріп, STEM зертханаларда тәжірибе жасайды. Тіпті мұнда ерекше балаларға арналған жағдай жоғары деңгейде қарастырылған.
ГҮЛДАНА БІРНИЯЗОВА, ӘЛЕУМЕТТІК ПЕДАГОГ:
"Кедергісіз келешек" жобасы аясында мектебімізде инклюзия бағытында жақсы қолдау қарастырылған. 50-ден астам оқушымыз бізде ерекше білімді қажет ететін оқушылар, және солармен жұмыс істейтін логопед дефектолог мамандарымызда жұмыс жасап келеді.
Талапқа сай спорт залы, коворкинг алаңы және шығармашылыққа арналған хореография залы баланың бойындағы талантын мектеп қабырғасынан бастап дамытуға мүмкіндік береді. Тіпті құрылыс жұмыстарының өзі цифрландырылған.
ҒАБИТ МАЛҒАЗДАРОВ, «SAMRUK-KAZYNA CONSTRUCTION» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл ұлттық жобаның кезінде бүкіл құрылыс процестері цифрландырылған. Басынан бастап,жер қазудан бастап,мектеп аяқталғанға дейін, бейне бақылау болады 24/7,Бұл жерде әр нысан 208 мектептің бәрінде, камера орнатылған. Бұл негізі жемқорлықты болдырмау үшін, және ашықтық, ол жүйеге біздің құзырлы органдарда қарап отырады, бұл дегеніміз біз ашықпыз, құрылыс кезіндегі ашықтықты енгіздік.
"Келешек мектептері" жобасы арқылы құлау қаупі бар білім ордасы 4 есе, үш ауысымды мектептің саны 2 есе қысқарды. Бұдан бөлек, орын тапшылығы мәселесі 4 есе азайды.