Ауыл мұғалімі мен оқушылар 4 саусағынан айырылған бүлдіршінге протез жасады

Мектеп мұғалімі бір жарым жасында ет турағышқа қолы тиіп кетіп, 4 саусағынан айырылған бүлдіршінге жаңа өмір сыйлады. Алматы облысы Қарғалы ауылының физика пәнінің оқытушысы 3D принтердің көмегімен  биомеханикалық протез жасаған. Бір қызығы, тиісті құралмен жабдықталмаған  ұядай ғана бір кабинетте адам өмірін жеңілдететін бірнеше ғылыми құрылғы пайда болған.

Қарғалы ауылы тұрғындары Бақытәлі Дәулешярды «Бағымызға біткен мұғалім» деп атайды. Себебі, оның бастамасымен мектепте бірнеше жоба іске қосылған әрі ғылымға әуестенетін оқушылар саны көбейген. Оның ең алғашқы жұмысы – саусағынан айырылған жеткіншекке арнап жасалған протез. Бүлдіршіннің анасы «Қазақстан ұстазы» байқауынан 3Д принтер ұтып, оны Бақытәлі Дәулешярға тапсырған. Соның нәтижесінде көмекші құрал балақайдың кәдесіне жарады.

БАҚЫТӘЛІ ДӘУЛЕШЯР, Ә. БЕЙСЕУОВ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

6 ай көлемінде биомеханикалық протез жобамыз аяқталды. Протезімізді Мирас оқушымызға кигізіп көрсеттік. Көріп, қызығып заттарды ұстап, есіктерді ашқан кезде өзінде бір эмоция пайда болды. Сол жобамыз арқылы бізге президентіміз 3 млндай грант берді. Алған грантпен кабинетімізді жабдықтадық. Жаңа принтер, робототехникалық заттар.

Мұғалім оқушыларымен бірлесіп, бұдан бөлек бірнеше протез жасап, түрлі құрылғы ойлап тапқан. Өздігінен соғылатын мектеп қоңырауы, физика пәні бойынша форма түрлендіруді жеңілдететін мобильді қосымша, қосып-өшіруді қажет етпейтін жарықшамдар. Оқытушының физика пәні мен робототехника ғылымын интеграциялау туралы шешімі өз жемісін беріп тұр. Мәселен, мектептегі «Өнертапқыштар клубына» қосылам деп, ғылым жолында ізденіп жүрген оқушылар саны 16-ға жеткен.

БЕКАРЫС БАҚЫТЖАН, ОҚУШЫ:

Адам көзіне «Eye safe» деген жоба жасадым. Адам көзіне пайдасы өте зор. Біз компьютер, ноутбуктың алдында көп сағат отырамыз. Соған үзіліс және қашықтықты сақтауымызға көмектеседі.

МЕЙІРЖАН СӘРСЕНҒАЛИ, ОҚУШЫ:

Экологияны қорғау үшін жасадық. Бөтелкені қоқысқа тастаудың орнына бөтелкені принтер жібін жасап бөтелке арқылы принтер жібін медицинағада қолдансақ болады. Принтер арқылы адамға қол, аяқ протезін жасауға болады.

Ғылымға қажетті құрал-саймандармен толық жабдықталмаған қарапайым ауыл мектебінде физика пәнін таңдап, ілім жолында бірнеше марапатқа ие болған оқушылар да аз емес.

ЛЮДМИЛА МЕНИСОВА, Ә. БЕЙСЕУОВ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Биылғы оқу жлы басталмай жатып, бір айдың көлемінің ішінде оқушыларымыз Қостанай қаласына барып, республикалық жарыстан осы модельдеу бойынша дрон жарысына қатыстырып келе жатыр.

Қазіргі таңда оқушылар «Робот дәрігер» жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл құрылғы науқасқа дәрі ішетін уақытын ескертіп, су мен дәрмектерді өзі әкеп береді.