Қызылорданың сол жағалауында 11 мың көрерменге арналған жаңа стадионның ашылуы өтті. Салтанатты шара аясында футболдан ел Кубогының финалдық матчы ұйымдастырылды.
Жалпы ауданы 20 мың шаршы метрді құрайтын жаңа спорттық кешен заманауи халықаралық талаптарға сай салынған. Мұнда футбол алаңы ғана емес, олимпиадалық стандарттарға сәйкес келетін бокс, күрес, фитнес, спорттық гимнастика және ауыр атлетика залдары орналасқан. Сонымен қатар, нысанда дүкендер мен дәмханалар қарастырылған.
Ғимараттың бірінші қабатында спорт залдары, футболшылардың дайындық бөлмелері және сауықтыру орталықтары орналасқан. Екінші қабатта – әкімшілік бөлмелер, ал үшінші қабатта – ауқымды жиындарға арналған мәжіліс залы бар. Мүмкіндігі шектеулі спортшылардың жаттығуына да толық жағдай жасалған.
Стадион УЕФА-ның 4-санатына сәйкестендірілген. Жасыл алаң халықаралық стандарттарға сай жасанды төсенішпен жабдықталған, заманауи жарықтандыру және дыбыс жүйелері орнатылған. Бұл өз кезегінде халықаралық деңгейдегі спорттық және мәдени шараларды жоғары сапада өткізуге мүмкіндік береді