«СОҢҒЫ СЫНАҚ» ТЕЛЕСЕРИАЛЫ БАСТАЛАДЫ

Бүгін “ASTANA” телеарнасында жаңа сериал басталады. “Соңғы сынақ” деп аталады. Әскери, боевик, драма жанрлары қамтылған. 12 сериядан тұрады.  

Басты кейіпкер – Бауыржан. Әскери әулеттен шыққан жас офицер, әскери училищені енді ғана тәмамдаған. Оны Арнайы мақсаттағы күштер (АМК) қатарына іріктеуге қатысу үшін құпия полигонға жібереді. Сол жерде ол басқа үш үміткермен - Ербол, Диас және Сәкенмен танысады. Әрқайсысы өз әскери оқу орнынан келген, бәрінің мақсаты бір - АМК жауынгері болуға лайық екенін дәлелдеу.

Ал бұл уақытта ауылда Бауыржанның жалғызбасты анасы - Бақыт ұлын жергілікті қыз Томириске үйлендіруге іштей дайындалып жүрген болатын. Томирис Бауыржанды шын жүректен жақсы көреді және оның оралуын асыға күтеді. Алайда олардың бақытты болуына өзімшіл, өркөкірек ауылдасы Арнұр кедергі келтіруге тырысады. Бай ата-анасының қолдауына сүйенген Арнұр Томиристің әкесіне қысым көрсетіп, қыз көнбесе де, ризалығын алғысы келеді.  

Сонымен қатар, көршісі  Ақмарал да Бақыттың мазасын алады. Ол Бауыржанды Томириске емес, өзінің қызына үйлендіргісі келеді. 

Ал  Бауыржан мен оның серіктерін полигонда нағыз сынақтар күтіп тұрды: психологиялық тестен бастап ауыр физикалық дайындыққа дейін — шартты қарсыласпен қақтығыстар, барлау операциялары, жер бағдарлау және командалық төзімділікке арналған жаттығулар болып жатты. Бұл іріктеу процесін Арнайы мақсаттағы күштер (АМК) офицерлерінен құралған комиссия қатаң бақылауда ұстайды. Оның құрамында: психолог әрі куратор - Әйгерім, тәжірибелі нұсқаушы -Батыр, және комиссияның қатал, бірақ әділ жетекшісі -Ілияс бар.

Бүкіл қиындықты еңсеріп, іріктеуден сәтті өткен соң, Бауыржан жаңа серіктестерімен бірге ауылға оралады. Ол Томириске ұсыныс жасамақшы болады.   Алайда бұл сәтте күтпеген драма өршіп кетеді: Арнұр тойды болдырмау үшін арамза әрекеттерге барады.

Шешуші сәтте Бауыржан Томиристің отбасын қорғап қалады. Осылайша, ол тек АМК жауынгері ғана емес, сенімді жар және нағыз қорған бола алатын азамат екенін дәлелдейді.

Жаңа туынданы сағат 18:20-де телеарнадан тамашалай аласыздар.