Қостанайда дәрігер мас күйде операция жасаған: науқас жан тапсырды

Арқалық ауруханасында шу шықты. 61 жастағы қала тұрғыны операция үстінде жан тапсырған. Марқұмның туыстары  дәрігерді кінәлап отыр. Жақындарының айтуынша, науқас өз аяғымен ауруханаға барған. Жағдайы мүлдем мүшкіл болған жоқ. Дәрігердің өз ісіне немқұрайлы қарауы осындай жағдайға душар етті, дейді қызы.

ӘСЕЛ ТАСБОЛАТҚЫЗЫ, МАРҚҰМНЫҢ ҚЫЗЫ:

Алдынан жаңағы  емдеуші дәрігер шықты травмотолог.Содан сұраған ғой  жағдай боп жатыр түсінбедім деп. Ол айтыпты жаңағы Ковалев мас, осы больницадан кетіп қалды деп. Содан артқы есіктен шығады. Менің інім алдыңғы есіктен шығады да оларды тоқтатады жолдан.Сол кезде қолында пивосы бар дейді.

Марқұмның туыстарының айтуынша, облыстық ауруханадан арнайы барған нейрохирург мас күйінде ота жасаған көрінеді.  Дәрігерді айыптайтын видео әлеуметтік желіде де тараған. Бұл жағдайға қатысты полиция іс қозғады. Ал денсаулық сақтау басқармасының өкілдері нейрохируг маманның  арнайы авиациямен Арқалыққа жіберілгенін, оған қатысты қызметтік тексеріс басталғанын хабарлады.

ОЛЕГ МЕЛЕШЕНКО, ОБЛЫСТЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ БЕКЕТІНІҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Науқасқа Арқалық өңірлік емхана қабырғасында  ота жасайды деген шешім қабылданған. Сондықтан облыстық аурухана дәрігері сонда жіберілді.  Өкінішке қарай операция сәтсіз болды. Науқас жан тапсырды. Марқұмның нақты қай кезеңде көз жұмғанын сот сараптамасы анықтайтын болады.