Ұстаздар мобилограф, блогер, күзетшіге айналды

Мұғалім білім беруші ғана емес. Мобилограф, блогер, күзетші. Керек болса құрылысшы, ол аз десең, жалдамалы жұмысшыға айналады. Соңғы жылдары ұстазға құрмет артып, айлығы екі есе өсті. Бірақ сол еңбек ақысын мектептің бүкіл тірлігін тыянақтап, терін төккеннен кейін ғана әрең қолға ұстайды. Бұл мәселені білім берушілердің бұрыңғы бастығы, депутат Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желіде көтерді. Сонымен, біз «мұғалім мәртебесін көтереміз» деп жүргенде оны менеджерге айналдырып жіберген жоқпыз ба? Аружан Задабек жауап іздеп көрді.

Қайырлы кеш, көрермен! «Өзекті» тақырыптарды бірге талқылаймыз. Экраннан алыс кетпеңіз!

Кеше ғана ұстаздар күнін атап өттік. Кейде бала болашағы үшін тер төккен педагогтерді тек айтулы күнде еске аламыз ба деген ой туады. Әуелі мына видеоға назар аударыңыз.

«Ұстаз – ұлы тұлға» деп өсіп едік. Ал қазіргі жағдай – осы. Алматыда оқушылар мұғалімнің телефонын жасырып, ашуына тиген. "Баланың ісі – шала", дейді қазақ. Бірақ сол «шала» әрекет үлкен дауға ұласты. Ұстаз ашуға булығып, оқушыларды оңды-солды сабап, қолына түскен құралмен тоқпақтап жатыр. Желі қолданушылары екіге бөлінді. Бірі білім алушылардың мұғалімді әдейі ашуландырғанын айтып, қорғайды, енді бірі тәрбие беретін тұлғаның тәлімі осы ма деп педагогты жерден алып, жерге салып жатыр.

БЛИЦ:

- Мұғалімді баланы ұрды деп жұмыстан шығару дұрыс емес. Бекерден бекер ұрмайды. 25-30 минут тентектерге шыдау мүмкін емес.

- Неге ол оқушы мұғалімнің телефонын алып тығып қояды? Ұстазды ойыншық қылып отыр ма? Дұрыс, сыйға сый, сыраға бал. Ұрса өлген жоқ қой.

- Мұғалімдікі дұрыс. Бұрын біз мұғалімнен қорқып, сөз атпай, сабақ оқып отыратынбыз. Сыйлайтынбыз мұғалімдерді. Қазіргі балалар өте тәртіпсіз болып, бетімен кеткен.

Мұғалімге қатысты дау осымен біткен жоқ. Желідегілер бәрін қойып, «сауатсыз» жазатын ұстаздарға шүйліге бастады. ««Ұстазы жақсының – ұстанымы мықты» дейтін едік, енді сауатсыз ұстаздан сауатты ұрпақ қалай шығады?!» деп күйініп отыр. Ах ұратындай-ақ бар. Бәріне топырақ шашпаймыз, түптеп келгенде, мықтының бәрін мықты қылатын осы – қадірлі жандар. Осындайда бір құмалақ, бір қарын майды шірітіп жүргенін ойлап, жанын ауырады. Арамызда орта жолдан салаға қосылып, шын ынтамен емес, құр теңге үшін жүргендер баршылық. Мұғалім – елдің шамы десек, қазір сол шамның жарығы күңгірт. Ұстаз – ұлттың темірқазығы. Темірқазық қисайса, бағытымыз қайда кетеді?

БЛИЦ:

- Мектепте аты-жөнін әрең жазатын мұғалім бастауыш сыныпқа сабақ береді дегенді естіп, төбе шашым тік тұрған.

- Мұғалімнің өзіне қатемен жұмыс жасататын мұғалім керек сияқты.

- Шаршаған ғой немесе байқамай қалған шығар.

«Мұғалім мобилограф, блогер, күзетші немесе чат модераторы болмауы керек». Бұл - депутат Асхат Аймағамбетовтың әлеуметтік желіге жариялаған жазбасынан үзінді. Мұғалім деген білім беруші еді ғой. Ал қазір ше? Қазір есепші, тәртіп сақшысы... кейде тіпті аты жоқ актер сияқты. Қай образ керек соны сомдайды. Таңертең журнал толтырады, түсте TikTok-қа reels салады, кешке чатта ата-аналармен алысады. Экс-бастықтарының сөзі педагогтердің шымбайына дөп тиген-ау, бірінен кейін бірі пікір қалдырып жатыр.

БЛИЦ:

- Асхат мырза, фото, видео, лайк, коммент, түкке керегі жоқ сауалнама, бітпейтін іс-шаралар, жазылымдар, әкімдіктің тапсырмалары, массовка, шұғыл тапсырма, осылардан мұғалім қашан арылады?

- Беделді білім ордасының өзінде тамыз айында педагог қызметкерлерге клинингтік жұмыстар жүктеледі. Ремонттан кейін мектепті жуу, терезе тазалау, оқушылардың бөлмесін жинау, қатып қалған бояуларды қырып жуу, еден жуу. Мұның бәрі әлі де мұғалімнің мойнында.