Атырауда келер жылы жоғары сапалы штапель талшығын өндіретін зауыт іске қосылады

Индустриалдық әлеуеті қуатты Атырау облысында мұнай-газ өндірісінен бөлек, шикізатты  терең өңдеуге  оң бетбұрыс байқалады. Биылғы жылдың 8 айында аймақта 42,8 миллион тонна мұнай,  23,5 миллиард ілеспе мұнай газы өндірілді. «Ұлттық индустриалдық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймаққа 17 қатысушы тіркеліп, 1500ден астам жаңа жұмыс орны құрылды.

Атырауда келер жылы жоғары сапалы штапель талшығын өндіретін зауыт іске қосылады. Кәсіпорын пластик бөтелкелерді қайта өңдеп, кәдеге жаратады. Құны 2 млрд теңге тұратын жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті кәсіпкер өндіріске қажетті құрал-жабдықтарға тапсырыс  беріп қойған.

АЗАМАТ АСЫЛБЕКОВ, КӘСІПКЕР:

Құрылғыларды алу бойынша Фибратекс жобасына 1 млрд 150 млн теңге қаржы алдық. Бұл қаржылар Қытайға өндірушілерге жөнелтілді. Енді алдағы қараша, желтоқсан айының соңына екі бөлек линияларымыз келу керек өндірістік.

Аймақта  экономиканы әртараптандырып, қайта өңдеуге басымдық берілген. Қазірдің өзінде  арнайы экономикалық аймақта 17 қатысушы тіркелген. Жол құрылысы, күнделікті тұрмысқа қажетті өнімдерді шығаратын бірқатар өндіріс орыны жұмыс істеп жатыр.

СӘТТІҒҰЛ САБЫРОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІП БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жалпы инвестиция көлемі  43 трлн теңгені құрап, мұнда  1500-ден астам  жаңа жұмыс орны құрылды, ал өндірілген өнім көлемі 172 млрд теңгеге жетті. Бұдан бөлек инвесторлар үшін алдағы уақытта қосымша  450 гектарлық арнайы экономикалық аймақ құру жоспарлануда. Осы жерде жаңа өндірістерге арналған толық инфрақұрылым дайындалады. Сондай-ақ, 22 гектарлық шағын өнеркәсіп аймағында 18 өндірістік ғимарат салу жоспарланған.

Мұнай-газ саласындағы жетекші аймақта  биыл жыл соңына дейін өндіріс  көлемі  57 миллион тоннаға дейін артпақ. Бұған  Теңізшевроил компаниясының ІІІ-буын зауыты іске қосылуы сеп болады деп жоспарланып отыр. 

Атырау облысының ірі мұнай өндіруші компаниялар ішінде «Теңізшевроил» көш бастап тұр. Осы кезеңде 26,8 миллион тонна мұнай, 15,3 миллиард текше метр ілеспе газ өндірді. Ембімұнайгаз 1,9 миллион тонна мұнай, 144,8 миллион текше метр ілеспе газ шығарып отыр.  «НСОС» компаниясы 12,2 миллион тонна мұнай , ілеспе газ көлемі 7.9 миллиард текше метрге жетті.

Аймақта  биылғы 8 айда  негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 920,2 млрд теңгеге жетті, оның 70%-ы өнеркәсіп саласына бағытталғанын айта кетейік.