Президент Бекет ата Мырзағұлұлының 275 жылдық мерейтойына құттықтау хатын жолдады

Президент Бекет ата Мырзағұлұлының 275 жылдық мерейтойына орай құттықтау хатын жолдады. Оны аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай халыққа оқып берді. Екі күнге жалғасқан жиыннан тілші бейнематериалы.

Маңғыстау облысының Тобықты жерінде Бекет ата Мырзағұлұлының 275 жылдығы мен оның рухани ұстазы Шопан атаның рухына арналған ауқымды шара ұйымдастырылды. Екі күнге жалғасқан мерейтойға халық қалаулылары мен зиялы қауым өкілдері, қоғам және мәдениет қайраткерлері және алыс-жақын шетелден келгендерді қосқанда 10 мыңнан астам қонақ жиналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтойға құттықтау хат жолдап, Бекет атаның ел руханиятындағы орнына тоқталды.

НҰРДӘУЛЕТ ҚИЛЫБАЙ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бекет Мырзағұлұлы – еліне тұтқа, жұртына пана болған тұғырлы тұлғаларымыздың бірі. Ол бүкіл ғұмырын халқының дүние танымын байытуға арнап, ағартушылықпен айналысты. Бекет ата күллі қазаққа және бауырлас елдерге ғұлама ойшыл, аты аңызға айналған әулие ретінде танылды.

Мерейтой аясында Шопан ата мен Бекет ата мешітіне зиярат жасалды. Тай жарысы, аламан бәйге, қазақ күресі, гір тасын көтеру секілді ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Келушілер үшін 100-ден астам киіз үй тігіліп, ас берілді.

ДАРХАН ҚЫДЫРӘЛІ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Бекет ата бұл рухани тұлға. Сондықтан рухани тағлымы ерекшеғой деп ойлаймын. Бір жағынан бұл бізге Абай айтқан, Яссауи айтқан кемелдікке ұмтылу, арлылық, тазалық, жақсылыққа жақын болу, жамандықтан қышық болу сияқты ізгіліктің басы болады деп сенеміз.

Шара мазмұны терең рухани-мәдени бағдарламалармен жалғасты. «Ойталқы» алаңында белгілі тұлғалар елдік пен бірлік, рухани сабақтастық жайлы пайымды ойларымен бөліссе, «Маңғыстау машайықтың басқан жері» атты концерттік бағдарлама мен «Әулиелер әуезі» дәстүрлі өнер кеші көпшілікке рухани әсер сыйлады.