«Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы 152 млн теңге заңсыз жымқырылған

Фото: pixabay

Қаржы мониторингі агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Astana TV.

“Тергеу мәліметінше, 2020 жылы «Құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен «НИКС Инжиниринг Групп ИВ» ЖШС арасында 500 миллион теңгеден астам сомаға мемлекеттік сатып алу шарты жасалған”- деп мәлімдеді ҚМА.

Алайда мердігер компания құрылыс бөлімі басшысының көмегімен үш жыл бойы орындалмаған жұмыстарға жалған актілер толтырып, олардың көлемі мен құнын асырып көрсеткен.

Нәтижесінде мемлекетке 152 миллион теңге көлемінде залал келтірілген.

Сот санкциясымен күдіктілердің жалпы құны 100 миллион теңгеден астам мүлкіне тыйым салынды.

Қазіргі таңда мердігер қамауда отыр.

Тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды.