TALIS-2024: Қазақстан мұғалімдерінің жағдайы жақсарды

Қазақстан мұғалімдерінің еңбек жағдайы жақсарып, кәсіби деңгейі артты. Бұл туралы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы жүргізген TALIS-2024 халықаралық зерттеуінің нәтижесінде белгілі болды. Зерттеуге еліміз бойынша жеті мыңнан астам мұғалім мен 369 мектеп директоры қатысты. Мәліметтерге сүйенсек, мұғалімдердің әкімшілік жүктемесі азайып, сабақ беруге және ата-аналармен байланысқа көбірек көңіл бөле бастаған. Орташа апталық жүктеме 50 сағаттан 36 сағатқа қысқарған. Бұл- Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері арасында айрықша көрсеткіш. Сондай-ақ зерттеу педагогтердің орташа жасы 41-ге дейін төмендегенін көрсетті. Мұғалімдердің өз жұмысына деген қанағаттану деңгейі де жоғары. Сауалнамаға қатысқан ұстаздардың 95 пайызы мамандығына көңілі толатынын, 80 пайызы қайта таңдау мүмкіндігі болса, тағы да мұғалім болғысы келетінін айтқан. Оқу-ағарту министрлігі бұл нәтижелер Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан білім реформаларының тиімділігін дәлелдейді дейді.

ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Білім сапасына жалпы педагогтардың білім сапасы тікелей әсер ететін фактор. Сондықтан Талис-2024 зерттеуі бүгінгі таңдағы еліміздегі педагогтарды қолдау реформаларының өте тиімділігін көрсетеді. Оған қатысты мемлекет басшысының оқу-ағарту министрлігіне берген нақты тапсырмалары бар. Аталған тапсырмаларды сапалы орындауды одан ары жалғастыратын боламыз.