Атырауды тағы да жағымсыз иіс жайлады. Екі күннен бері қала халқы таза ауамен тыныс алудан қалғанын айтып әлеуметтік желіге жарыса жазуда.
Тұрғындардың бірі қала аумағындағы өндіріс орындарының шығарындыларынан болуы мүмкін деп болжаса, енді бірі түтіннің иісінен терезе ашудан қалдық,- деп, ауа сапасын тексеруді талап етті. Бірақ, экология департаменті мамандары үнсіз. Төтеншеліктер болса, Атырау қаласынан Каспий теңізіне қарай 20 шақырым қашықтықта жалпы ауданы 1 гектар аумақта құрғақ шөптің жануын анықтаған. Түн ортасында өшірдік,- дейді. Одан бөлек, Құрманғазы ауданында да қамыс жанып жатыр. Оның қалаға дейін жетуі екіталай деп отыр.
АСЛАН ЗАКРАИЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Құрманғазы ауданында Құрманғазы ауылынан 67 шақырым жерде Каспий теңізінің жағалуында жалпы ауданы 30 га болатын қамыстардың және қопалардың бықсуы болып жатыр. Қазіргі уақытта 12 га болатын бөлігі жойылды. Оқиға орнына күш құралдар сөндіру жұмыстарын жүргізуде. Елді мекендерге қауіп жоқ.