Өскеменде 50-ден астам ерікті таулардағы жазуды өшірді

«Вандализмге жол жоқ!». Бүгін Өскеменде 50-ден астам ерікті  қаланың шетінде орналасқан тауларды вандалдар жазып кеткен жазудан тазартты. Шараны «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері ұйымдастырған. Белсенділердің айтуынша, мұндай бастама тек  қоршаған ортаны қорғап қана қоймай, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырып, табиғи әрі тарихи мұраларымызды бағалауға үндейді.

ҚОРЛАН ТҰҒАМБАЕВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ «ЖАСТАР РУХЫ» ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ШҚО ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бүгін бізбен бірге шыққан жастар бұл іс-әрекеттен көп нәрсе түйді деп ойлаймын. Олар енді таулар мен жартастарды сызуға, бояуға болмайтынын, табиғатқа ұқыпты қарау керектігін жақсы түсінеді. Бұл акция тек Өскемен қаласымен шектелмейді. Біз облыстың әрбір ауданы мен ауылында осындай тазалық шараларын жалғастырамыз.