Астана қаласының Полиция департаменті "Жаңа Арқа" ТҮК салымшыларының арыздары бойынша алаяқтық фактісімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Astana TV.
Тергеу барысында жосықсыз құрылыс салушы тиісті рұқсатсыз және заң талаптарын бұза отырып, тұрғын үй кешенін салуға азаматтардан қаражат тартқаны анықталды.
Құрылыс салушының қылмыстық әрекеттері нәтижесінде 300-ден астам отбасының мүддесіне 4 млрд теңге көлемінде аса ірі көлемде материалдық залал келтірілген. Елорда прокуратурасының үйлестіруімен тергеу органы кінәлі адамды ұстап, сот санкциясымен қамауға алынды. Тергеу жалғасуда, іс бойынша барлық қажетті сараптамалар тағайындалды, - деп хабарлады Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Елорда прокуратурасы азаматтарды пәтер сатып алмас бұрын үлескерлерден қаражат тартуға рұқсаттың бар-жоғын мұқият тексеруге шақырады. Бұл алаяқтықтан сақтануға және құқықтарыңызды қорғауға көмектеседі.