Елдімекендерді жоспарлау кезінде қоғамдық бақылау енгізіледі

фото: pixabay

Мәжіліс бірінші оқылымда Құрылыс кодексі жобасын және оған қатысты сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері жөніндегі түзетулерді мақұлдады. Аталған құжаттар Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген және құрылыс саласындағы жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған. Бұл туралы Astana TV хабарлайды.

Қала құрылысы саласында қоғамдық бақылау алғаш рет енгізілмек.

Құрылыс кодексіне сәйкес, бас жоспарлар, елді мекендердің егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарлары және оларға енгізілетін кез келген өзгерістер міндетті түрде азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың қатысуымен талқылануы тиіс.

Бұл - халықтың шешім қабылдау процесіне қатысуына мүмкіндік береді, әсіресе нысаналы (нүктелік) құрылыс жағдайында ерекше маңызды.

Қоғам өкілдері, азаматтар және мәслихат депутаттары құрылысқа қатысты шешім қабылдау кезінде «Қоғамдық бақылау туралы» Заңда көзделген тәртіппен белгіленген механизмдерге сәйкес қатысады.

Жаңа Құрылыс кодексінің негізгі мақсаттары:

- адам өмірі мен қызметі үшін қолайлы және қауіпсіз ортаны қалыптастыру, соның ішінде халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету;

- қоғамның архитектуралық, қала құрылысы және құрылыс қызметі жөніндегі шешімдерді талқылауға қатысуына, сондай-ақ қоғамдық немесе жеке мүдделерге әсер ететін шешімдер бойынша ұсыныстар енгізуіне мүмкіндік беру;

- архитектуралық, қала құрылысы және құрылыс саласындағы құқық бұзушылықтарға уақтылы ден қою үшін жедел ықпал ету шараларын енгізу;

- жобалау және құрылыс-монтаждау саласындағы ұйым мамандарын сертификаттау арқылы олардың біліктілігін арттыру;

- архитектуралық, қала құрылысы және құрылыс қызметі жүйелерін ақпараттық сүйемелдеу;

- құрылыс нысандарының өмірлік циклы кезеңдерінде ақпараттық үлгілеу жүйесін (ТИМСО) енгізу;

- мемлекеттік архитектуралық-құрылыс бақылауы органдарының құрылыс нысандарына бару кестесін тапсырыс берушінің ерікті түрде ұсынуы арқылы мемлекеттік бақылауды күшейту;

- сейсмикалық қауіпті аймақтарда жобалау және құрылыс жүргізудің ерекшеліктерін ескеру арқылы ықтимал жер сілкінісі кезіндегі сейсмикалық тәуекелді анықтау;

- мемлекеттік органдардың құрылыс нысандарын пайдалануға қабылдау кезінде мемлекеттік нормативтік құжаттарға сәйкестігін тексеруге қатысуы. 

Сонымен қатар, Құрылыс кодексінің жобасы құрылыс нысандарының пайдалану және кейінгі жою кезеңдерін де қамтиды. 

-Депутаттардың шешімімен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы бөлім Кодекстен алынып тасталды. Бұл нормалар бөлек заң жобасы арқылы іске асырылып, күшіне енді.  Құрылыс кодексінің және оған ілеспе заң жобалары 55 жұмыс тобының отырысында және Комитеттің кеңейтілген отырысында жан-жақты талқыланды. Жұмыс тобы заң жобасын екінші оқылымға дайындау аясында өз жұмысын жалғастыратын болады,-деді  Құрылыс кодексінің жобасы жөнінде Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Мұрат Әбенов.