Мәжілісте «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын қарады, деп хабарлайды Astana TV
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Қазақстанның қазіргі мұнай-газ өндіру көлемі негізінен үш ірі кен орнына – Теңіз, Қашаған және Қарашығанаққа тәуелді екенін айтып, мәселе көтерді. Ал өзге кен орындарының қоры сарқылу кезеңіне жақындаған.
Жаңа мұнай мен газ қорларын анықтау – бұл тек энергетикалық емес, ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық егемендік мәселесі. Жалпы, 2012 жылға дейін еліміздің жер қойнауындағы болжамды алынатын шартты отын ресурстары 22,7 млрд тонна деп бағаланған болса, 2010–2012 жылдары жүргізілген зерттеулер нәтижесінде бұл көрсеткіш 76 млрд тоннаға дейін қайта есептелді. Оның 70 млрд тоннадан астамы Каспий маңы, Үстірт-Бозашы, Маңғыстау және Оңтүстік Торғай бассейндерінде шоғырланған. Ал қалған бөлігі аз зерттелген, бірақ әлеуеті жоғары провинцияларды орналасқан, - дейді депутат.
Бүгінде геологиялық барлауға тартылатын инвестиция көлемі жеткіліксіз. Салыстырмалы мысал келтірді депутат.
Қазақстанда 1 шаршы шақырым аумаққа барлау жұмыстарына 8 АҚШ доллары жұмсалса, АҚШ-та – 87 доллар, Австралияда – 167 доллар, Канадада – 203 доллар бөлінеді. Бұл айырмашылық – біздің инвестициялық климаттағы ең әлсіз буынның бірі екенін көрсетеді. Өйткені геологиялық барлау – жоғары тәуекел мен ұзақмерзімді капитал салымын қажет ететін сала. Егер мемлекет пен заңнамалық жүйе инвестордың құқығын кепілдендірмесе, ол жаңа аймаққа қаржы салмайды. Сондықтан Парламент депутаттарының бастамашылығымен әзірленген бұл заң жобасы осы жүйені түбегейлі өзгертеді, - деді депутат.
Депутат дерегінше, 2012 жылға дейін еліміздің жер қойнауындағы болжамды алынатын шартты отын ресурстары 22,7 млрд тонна деп бағаланған. Ал 2010–2012 жылдары жүргізілген зерттеулер нәтижесінде бұл көрсеткіш 76 млрд тоннаға дейін қайта есептелді. Оның 70 млрд тоннадан астамы Каспий маңы, Үстірт-Бозашы, Маңғыстау және Оңтүстік Торғай бассейндерінде шоғырланған. Ал қалған бөлігі аз зерттелген, бірақ әлеуеті жоғары провинцияларда орналасқан.