Q-Group делегациясы Аризона штаты университетінде (Arizona State University, ASU) бірқатар стратегиялық кездесулер мен іс-шаралар өткізіп, қорытындысында «University of Innovation and Technology powered by ASU» жобасының іске қосылатынын ресми түрде жариялады. Жаңа университет заманауи білім беру технологияларын енгізу, академиялық ұтқырлықты кеңейту, сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу және кәсіпкерлік бастамаларды дамыту үшін инновациялық алаңға айналмақ.
Кездесу барысында Q-Group делегациясы ASU-дың негізгі құрылымдық бөлімшелерімен келіссөздер жүргізді. EdPlus-та сандық оқытудағы озық шешімдер мен онлайн-білім берудің жаңа үлгілері талқыланды. Global Launch-та академиялық бейімделу, халықаралық студенттерді қолдау және жаһандық интеграция мүмкіндіктерін арттыру мәселелері қарастырылды. Ал School of Engineering өкілдерімен кездесуде инженерлерді даярлаудағы тәжірибе алмасу өтті, соның ішінде пәнаралық және тәжірибеге бағытталған тәсілдердің қолданылуы талқыланды.
«University of Innovation and Technology powered by ASU» жобасының іске қосылуы Қазақстанның білім беру экожүйесінің дамуында жаңа кезеңді айқындайды және Q-Group студенттеріне, оқытушылары мен серіктестеріне әлемдік деңгейдегі стандарттар мен инновацияларға қол жеткізуге мүмкіндік береді.