Мәжіліске Құрылыс кодексінің жобасымен келген министр сынның астында қалды. Құжатта көп түзету бар, бірақ қауіпсіздік талаптары мен көпбалалы отбасыларға арналған баспана мәселесі назардан тыс қалған. Тіпті министрлік кей сұрақтарға нақты жауап бере алмады. Мәжілістегі талқылауға қатысып келген Ақбота Базарбай тарқатады.
АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:
Құрылыс саласындағы заңнаманы жүйелеу үшін ұсынылған жаңа Құрылыс кодексі - саланың өзекті мәселесін шешудің орнына, сұрақты одан сайын көбейтті. Төртінші тоқсанда дайындалған құжатта 130-дан астам түзету бар, ал сол түзетулердің кейбірін министрдің өзі түсіндіріп бере алмады. Қазақша қойылған сұрақтарды ұқпай, жауапсыз қалдырған ведомство басшысының әрекеті депутаттардың ашуын келтірді. Салаға келгеніне сегіз ай болған министрдің есебіндегі қателіктер де назардан тыс қалмады. «Құрылыс сапасы сияқты, құжат та сапасыз дайындалған» деп сын айтты.
БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Қазақстанның бір бөлігі сейсмикалық тұрғыда аса қауіпті аймақ. Бұл - ешкімге жаңалық емес. Алайда Құрылыс кодексінің бастапқы жобасында жер сілкінісіне төзімділік бойынша ұсынылған нормалар сын көтермейді. Нақты қауіптің алдында құрылыс қауіпсіздігіне қатысты талаптар әлсіз, бейтарап, тіпті құрылыс салушылардың ыңғайына қарай бейімделгені байқалды. Яғни, халықтың қауіпсіздігін емес, пайда қуған мердігерлердің мүддесі бірінші орынға қойылғандай.
Соңғы 15 жылда қалаларда салынып жатқан пәтерлердің жартысына жуығы - бір немесе екі бөлмелі. Үлкен отбасыларға лайық баспана салу құрылысшылардың жоспарына кірмейтін болған. Нәтижесінде көпбалалы отбасылар қала сыртындағы жер үйлерге ығыстырылып жатыр. Бұл жай нарық емес, демографияға қарсы саясат дейді депутаттар.
АЙДОС САРЫМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Осыдан 15-20 жыл бұрын пәтер салу кезінде 2-3 бөлмелі пәтерлерге басымдық берілсе, қазір қалаларда берілетін пәтерлердің жартысы — 1 және 2 бөлмелі. Кейінгі 10-15 жылда шынымен де 1 бөлмелі пәтерлердің үлесі тең жартысына артқан. Салынатын пәтерлердің көбі 1 және 2 бөлмелі болса, көпбалалы отбасылар оған кіре алмайды. Осыны болдырмау үшін құрылыс компанияларына дұрыс сигналдар берейік. Бәлкім бір жеңілдіктер қарастыру керек шығар.
Жаңа Құрылыс кодексі қоғамды емес, құрылыс компанияларын көбірек ойлағандай. Бұрын заңмен бекітілген «балабақша, мектеп, емхана жоқ жерде көпқабатты үй салуға болмайды» деген норма жаңа құжаттан табылмады. Балалардың өмірін сақтау үшін қабылданған "терезе құлпы" туралы талап та кодекске енбей қалған. Бюджет - миллиардтар, ал нәтиже - нөл.
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бала қауіпсіздігі үнем көзі емес. Былтыр осы жерде бүкіл әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үйлердің терезелерінде қауіпсіздік құлпы болу керек деген норма қабылдадық. Өйткені жыл сайын жүздеген бала терезеден құлап өліп жатыр. Тағы да сол… Кодекс жобасын ашып қарасам, ол норма да түсіп қалған. Неге? Иә, бәлкім ол қымбат болатын шығар, құрылыс компаниясына тиімсіз шығар. Бірақ бала өмірінен қымбат дүние бар ма, айтыңызшы?
Бір ғана кодекс жобасын әзірлеуге мемлекет қазынасынан 363 миллион теңге бөлінген. Мәселенің мәні мынада: жүздеген миллион теңге жұмсалып, мемлекеттік маңызы бар құжат әзірленеді, бірақ соның өзінде "техникалық қателікке" жол берілген. Бұл немқұрайлылық па, әлде жүйелі проблеманың бір ұшы ма? Құрылыс кодексінің жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Алайда осы құжаттың арты қаржылық күмән мен әкімшілік салғырттықтың көлеңкесінде қалып отыр.
ЕРСАЙЫН НАҒАСПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:
Бірінші кезеңде ұсыныстардың барлығы 1 млрд теңге шамасында белгіленді. Дегенмен, біздегі ведомствоға бағынышты ұйым ең төменгі бағаны ұсынды. Осыдан кейін мемлекеттік тапсырыс аясында тиісті рәсімдер ұйымдастырылып, аталған сома 363 млн теңгеге дейін төмендеді. Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті тексеруді өткізді. Жалпы, қаржы бағытында талаптарды бұзу жағдайы анықталмады. Бірақ, техникалық сипаттағы қателік орын алған.
Меморандумдар мемлекетті емес, мердігерді қорғайтын құралға айналып барады. Жаңа Кодекс осындай былықтарды нақты реттемесе, қарапайым халық емес, тағы да пайда қуғандар ұтады.
АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:
Енді құрылыстың өз жеке сәйкестендіру нөмірі болады. Әр ғимаратқа берілетін код оның бүкіл тарихын цифрлық форматта сақтап, жобадан бастап - бұзылғанға дейінгі жолын қадағалауға мүмкіндік береді. Дегенмен, заңдағы жақсы идеяның жүзеге асуы - жүйенің қаншалықты ашық әрі әділ жұмыс істеуіне байланысты. Қағазда дұрыс жазылған Кодекс - шынайы өмірде де сондай болуы үшін, енді ең бастысы - сапасыз құрылысқа, сапалы бақылау орнату.