Келесі жылдан бастап шаруалармен су беру бойынша келісімшарттар электронды форматта рәсімделеді

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап суармалы су беру бойынша «Қазсушар» РМК мен су пайдаланушылар арасындағы келісімшарттар тек онлайн форматта жасалады. Бұл шара судың «көлеңкелі нарығына» тосқауыл қою мақсатында қолға алынып отыр, деп хабарлайды ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі.

Қазіргі уақытта өтінім қабылдау, келісімшарт жасау және төлем жүргізу үдерістерін автоматтандыруға арналған арнайы биллинг жүйесін әзірлеп жатыр. Жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін «Қазсушар» РМК су пайдаланушылармен электронды келісімшарттар жасайды, ал төлемдер екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы жүзеге асады.

Министрлік биыл қараша айында биллинг жүйесін пилоттық режимде іске қосуды жоспарлап отыр.

«Келесі жылдан бастап барлық келісімшарт электронды форматта рәсімделуі керек. Бұл талап шаруа қожалықтарына, өндірістік кәсіпорындар мен басқа да су пайдаланушыларға бірдей қолданылады. Төлем де тек қана электронды түрде жүргізілуі керек. Бұл бөлінген су ресурстарының ашықтығы мен нақты есебін қамтамасыз ету үшін қажет. Бұрынғы келісімшарттарды да жүйеге енгізу қажет», – деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.